Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мультимедиялық бөлмесінде «Мен таңдаған мамандық» атты ерекше форматта іс-шара өткен болатын. Аталған шараға арнайы шақырылған түрлі мамандық иелерімен қатар музейге келген зияратшылар да қатысып, әрқайсысы өз мамандығы және қоғамдағы маңызы жайлы әңгімеге арқау болды.
Мамандықты сүю, қоғамға қалтқысыз еңбек етуге бағытталған тәрбиелік маңызы зор жиынға студент жастар да қатысып таңдаған салаларына қатысты алдағы мақсаттарымен бөлісті.
Басқосу аясында арнайы конкурс ұйымдастырылып, қатысушылар 30 секунд ішінде өз мамандығының қыр — сырын жеткізді. Сондай-ақ, шараға белсенділікпен атсалысқан қатысушыларға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспа өнімдері сыйға берілді.
Еске салсақ, Түркістанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Халықаралық музейлер күніне орай тұңғыш рет «Музей түні» өткен болатын. Танымдық басқосу «Қорық-музейдің өткені мен бүгіні», «Қорық-музейдің баспа өнімдері» тақырыбындағы фото және кітап көрмесін тамашауға ұласып, мекеменің тыныс-тіршілігі мен жеткен жетістіктері және алдағы жоспарлары жайлы деректер берілді. Сондай-ақ,Түркістан өңіріндегі Қожа Ахмет Ясауи, ГауҺар ана, Үкаша ата кесенесі мен құдығы, Сауран қалашығы, Шығыс моншасы тағы да басқа көптеген тарихи-рухани орындар жайлы экскурсия3Д тур виртуалды көзілдірігі арқылы жүргізілді. Музей түніне қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Кітапхана бөлмесінен ашылған «Ұлы даланың жеті қыры» залы және Үлкен Ақсарай бөлмесінде құрылған «Түркістан қазақ хандығының Ақ Ордасы»,Асхана бөлмесінің экспозицияларын тамашалап, Хан тағының қасында батырлармен суретке түсті. Шара барысында ортағасырлық құдық суынан дәм татып, Құдықхана бөлмесі жайлы ақпараттар алды.
Қазіргі қоғамда көптеген мамандықтардың маңыздылығы артып келе жатқан жайы бар. Жаңадан пайда болып жатқан мамандықтардың да ел экономикасын дамытуға үлестерін қосатыны сөзсіз.