Еске сала кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналады. Ал үшінші аптада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктеледі. «Өнегелі ұрпақ» дейтін төртінші аптада ардагерлер сарайы мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады.

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы Шымкент қаласы Тұран ауданы аумағында да жалғасуда. Тұрандықтар #TazaShym тазалық шарасын қаланың «күре тамыры» – А-2 айналма жолының бойынан басталды.

Бүгінгі тазалық жұмыстарына Тұран ауданы әкімі аппаратының, «ШымкентСпецКомплекс» және «Тұран» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері, ауданның белсенді тұрғындары және Ардагерлер кеңесінің мүшелері, еріктілер атсалысуда.

– Бүгін Тұран ауданының аумағындағы А-2 айналма жолының бойын тазалауға жиналдық. Бұл – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған игі шара. Бұл жол қалааралық байланыс үшін ғана емес, халықаралық байланыста маңызды транзиттік автожол. Сондықтан маңызды шараны осы күре жолдың бойынан бастауды жөн көрдік. Жалпы, тазалық жұмыстары науқандық жұмыс ретінде қалып қоймай, әрбір тұрғын өз ауласынан, көшесінен бастап, үлесін қосқаны абзал, – дейді Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков.

Акцияға қатысушылар А-2 жолының бойын қоқыстан тазартып, ағаштардың діңін әктеді. Сонымен қатар, тұрғындары мен белсенді жастары Тұран ауданына қарасты «Бадам» өзенінің жағалауында, Таштракт көшесінің бойында да тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айналма жол бойындағы шараға 800-ден астам адам қатысып, қоқыс тазалау, жәшіктерді ретке келтіру, шөп ору жұмыстарына белсенді атсалысты. Ал, Тұран ауданы бойынша тазалық жұмысына бүгін 1650 адам қатысып, 45 техника жұмылдырылған. Аудан аумағындағы көп қабатты үйдердің аулалары, орталық және ішкі орам көшелері, аялдамалар мен аяқжолдар, 37 шақырым ирригация жүйесі тазалануда.

«Шымкент келбеті»

 

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.