Қаратау ауданында елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік нысандар, спорт алаңшасын салу жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Биыл ауданда 34 спорт алаңшасын пайдалануға беру жоспарланған.
Аудан аумағындағы Шапырашты және Өтеміс тұрғын алаптарында атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз-туры ұйымдастырылды.
Өтеміс тұрғын алабында спорт алаңшасы мен аяқжол құрылысы кестеге сай жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары екі ай бұрын басталған. Аудан әкімінің орынбасары Құдайберген Қалдықараевтың айтуынша, биыл Қаратау ауданында абаттандыру жұмыстарын жүргізуге 1,46 млрд теңге қаржы бөлінген.
—Өтеміс тұрғындары балалардың бос уақытын тиімді ұйымдасыруға спорт алаңшасын салуға өтініштерін жеткізген еді. Осыған байланысты “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында әлеуметтік нысан құрылысы қолға алынды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аяқжол да салынуда. Футбол және баскетбол алаңы құрылысына жергілікті бюджеттен 27 млн теңге қаралған, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Ал Шапырашты тұрғын алабында жеке кәсіпкерлер есебінен спорт кешені құрылысы қарқын алған. “Айдын” ЖК есебіне салынып жатқан әлеуметтік нысан қыркүйек айында тұрғындар игілігіне беріледі. Онда ауыл балалары 5 спорт түрінен тегін жаттығады. Жоба құны — 168 млн теңге.1000 балаға арналған спорт нысаны жан басына қаржыландыру жобасы бойынша жұмыс істемек.
Шапырашты елді мекенінің төбе биі Нұрмахан Бекбосынов спорт нысаны құрылысын жүргізіп жатқан кәсіпкер азаматтарға алғысын айтты. Сондай-ақ, елді мекен ақсақалдары, жастары ішімдіксіз ауыл бастамасын көтеріп, учаскелік инспекторлармен бірлесе осы бағытта тағылымды іс-шаралар атқаруда.
«Шымкент келбеті»