Абай-Ақпарат
Шымкент қаласында «Әл-Біләл» деген мешіт бар. Он шақты жыл бұрын сол мешіт шаһардағы ұзын сақал, қысқа балақтылардың «питомнигіне» айналып кете жаздаған-ды. Әйтеуір, имамын ауыстырып, ҰҚК араласып сәләфи-уахабиледің өзімбілермендік әрекеттері тиылғаны бар. Сол аласапыран кезеңде «Әл Біләл» мешітінде қызмет еткен имам – Тәңірберген Шаймерденұлын сұхбатқа тартқан едік.
– Қай қоғамды да сорлататын сауатсыздық қой. Ал, діни сауатсыздықтың салдары ауыр екен. Бұрын «теракт» деген сұмдықты кинодан көрсек, өз елімізде болған жайттар зәрені ұшырды. Ойда жоқта тұтқиылдан тап беріп жүр. Діннің атын жамылып қоғамды ылаңдау мұсылманға тән емес екені анық. Шариғаттың үкімі қандай жалпы бүлікшілерге қатысты?
– Құранды оқып, хадистерді таныған сауатты адамдар, яғни ғалымдар, сахабалар ешқашан «фитна» (бүлік) шығармаған. Құранда: «Кінәсыз бір кісіні өлтіру – бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей күнәға батады» – деген аят бар. Ал, «бір елде бүлік шығару – ол адам өлтіруден де ауыр күнә» – дейді. Қоғамның тыныштығын бұзып, бүлік шығару – адам өлтіргеннен де ауыр күнә екен. Бүлікшілер күнәһарлар. Ислам діні бүлікке үзілді-кесілді қарсы. Омар ибн Абдул-Азиз деген сахаба, әрі Пайғамбарымыздан с.а.у кейін дінге қатысты патуаның бәрін шығарған ұлы ұстаз болған. Меккелік жамағат намазды оған ұйып оқыған. Бір күні Хажажиз деген патша Меккеге басып кіреді. Содан имамды мойындамай, намазды өзі өткізетінін жария етеді. Бірақ, оның имам болғанын меккелік мұсылмандар қаламады. Өйткені ол ең залым патша еді. Сол кезде халық Хазіреті Абдул-Азизге қарады, «Сол кісі Хажажизбен бірген намазға тұрар ма екен, әлде кетіп қалар ма екен»- деп. Омар ибн Абдул-Азиз зұлым патшаға ұйып намаз оқыды. Егер ол кетіп қалғанда, барлық жамағат тұрып кетіп қалар еді де, бүлік шығар еді. Сол фитнаны шығармау үшін, ұлы ұстаз ең залым патшаға ұйып намаз оқыды. Ал, өздерін сәләфиміз деп жүрген уахабилер мешітте имамдармен айтысып тұрып алады. Имамдарды тыңдамайды. Құранда дін иелеріне бағыну керектігі айтылған. Олардыкі сауатсыздық емей, не? Бастапқыда ашықтан-ашық тартысып, өздерінің кім екендерінен хабар беріп қоющы еді. Ал, бірнеше жылдан бері үндемейтін «мадхалидтерге» айналды. «Үндемегеннен үйдей бәле шығады» деген емес пе. Қазір олар бұрынғыдан бетер қауіпті.
– Иә, үй ішіне де үндемей, ешкімге де ескертпей Сирия асып, «жиһадшы» атанып жатыр, адамдар. Қазақтардың солардың қатарынан табылып жатқаны қынжылтады. «Аллаһу акбар» деп малды ғана бауыздаушы еді. Жиһадшылар үшін адамның мал құрлы қадірі болмай қалды. Бейбіт күнде ол неғылған «жиһад»?
– Қасиетті Құранда «жиһад» (соғысу) сөзі 35 рет айтылса да, төрт-ақ жерде ғана соғысу турасында хабар берілген. Кәпірлер мұсылмандарды қырып бара жатқандықтан: «Қару ал» деген аяттар түскен. Бірақ Алла Тағала оны тек Пайғамбарымызға с.а.у бұйырды. Оған дейін де, одан кейін де дініміз үшін ешкім қолына қару алған емес. Ислам тіпті басқа діннің өкілі болсын, жалпы жазықсыз кісі өлтіруге тиым салған. Ал, мұсылман мұсылманды өлтіруге мүлде болмайды. Нәбиіміз с.а.у: «Бір-біріне қару кезенген екі мұсылман да – тозақы. Өлтірген адамның да, өлген адамның да мақсаты өлтіру болғаны үшін – тозақы» – деген. Бірде Пайғамбарымыз с.а.у сахабаларына: «Кіші жиһадтан, ең үлкен жиһадқа келе жатырмыз» – деді. Сонда сахабалары «Уа, Расулаллаһ, бұдан үлкен жиһад бола ма?» деп, таң қалды. Пайғамбарымыз с.а.у: «Ең үлкен жиһад – нәпсімен күресу» деген. Қазір нәпсімен күресуден басқа «жиһад» болмауы керек. Әр адам өз нәпсісімен күресуі тиіс. Яғни, адам туғаннан бастап, өлгенге дейінгі тәрбиесі – сол жиһад. Уахабилер «жиһадты» желеу етіп, адамдарды қырып, қалаларды қиратып жатыр. Адам түгіл, шыбынды өлтірмейтін мұсылмандарға үш қайнаса да сорпасы қосылмайды, олардың. Радикалды топ мүшелерінде дін де, иман да жоқ. Олардыкі дін үшін «соғыс» емес, билікке жету жолындағы жендеттік қой.
– «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғысты-мақал бар. Кейде кеше ғана дінге келе салып, мың жылдық әулие құсап әңгіме айтатындарға қайран қалам, өз басым. Діннің кереметтерін ғылымдар ғылыми тұрғыдан дәлелдеп бола алмай жатқанда, бұл қайдан шыққан өңшең «ғұламалар» дейді екенсің. Сақалдының бәрі сәләфи емес, қарапайым жұртшылық оларды әңгімесінен қалай таныса болады?
– «Ақида» деген сенім ілімі бар. Софы Әл-Яр атты ғалым: «Ақиданы білмеген «шайтан»-қауымының мың жыл жасаған құлшылығы аспанға ұшқан желмен тең» деген. Ақида – иманды зерттейтін ғылым. Ақида ілімін білмеген адамның құлшылықтарыны қайыры жоқ. Мысалы, Құран-Кәрімнің аяттары екіге бөлінеді. Әуелгісі, тек адамзат үшін мәлім етілген «Муһкам» аяттар. Екіншісі мағынасы тек Аллаға аян «Муташабиһ» аяттар. Яғни, адам баласына мағынасы тек Аллаға ғана аян аяттармен таласуына, сөз қылуына, тіпті ойлауына да болмайды. Оған таласу – күнә. Ал, сәләфи-уахабилер Алланың сипаттарын сөз қылады. Мысалы, біз «Рахман – ъаршыны меңгерді» деп айтсақ, олар «Алла ъаршыға отырды, тұрды, орнықты» деп бір нәрсеге тәуелді етіп қояды. Жаратқан Иеміз ешнәрсеге тәуелді емес, ешнәрсеге ұқсамайды да, Ол тумаған да, туылмаған, ешнәрсеге мұқтаж емес. Бұған ешқандай таласуға болмайды. Біздің міндет Құран, хадис, шариғат талаптарына сай амал қылу, Алланы зікір ету, Аллаға не тән екеніне дауласу емес. Мұсылман адам сөз таластырмайды. «Сіздікі дұрыс» деп қоя салады. Ал, олар өздерінің адасып жүргендерімен қоймай, басқаларды жаңылыстырады.
– Әлеуметтік желіні ашсаң, неше түрлі талас-тартыстарды көресің. Қазір әсіре белсенді бола бастады, олардың уағызшылары. Кейде еріксіз күлкің келеді. Сонда имамдармен айтысқанда сауатсыздықтарынан арланбай ма, қалай?
– Олар діни сауатсыз. Сүйенгендері төрт-бес хадис. «Ей» деп орнынан түрегеліп сұрақ қойғанда, «мынау, не дер екен» деп қаласың. Тартысты бастап алады да, жауабына дәлел таппай қалса, тұра қашады. Себебі діни білімі таяз, мәзһабта да жоқ, сүйенетін негіздері де әлсіз. Олар хадистерді де, Құранның тәпсірлерін де оқымаған. Пір тұтқан шейхтары да шынайы діннен хабарсыз. Олар Аль-Бани, Ибн Табия, Ибн Баъаз деген шейхтарын, сондай-ақ елімізде тарап жатқан Октам, Ринат, Наил деген көсемдерін ғана тыңдау керек деп ойлайды. Имамдарды «бидғатшылар» деп ғайбаттайды. Мысалы, Пайғамбарымыздан с.а.у бері қарай мұсылман жамағат имамдарға «итағат» (бағынған) еткен. Құранда сипаттағандай олар «жүректерінің қыңыры бар» адамдар ғой, бізді тыңдамайды. Олардың ең үлкен қателігі де сол, имамдарды тыңдамайтынында. Адасқан ағым. Олардың ойы елге іріткі салу. Егер солар сауатты болса, имамдар сияқты жұмыс істесін, ізденсін. «Мәзһабтамыз» дейді, бірақ ұстанбайды. Адамды алдайды. Мәзһаб деген – мектеп. Мектепте білім алып, тәрбие көрмеген бала қандай болады. Сол сияқты ғой, бұл да. Мұсылмандар төрт мәзһабпен жүреді. Төртеуі де «Әһли – сунна уәл-жамаъа» қауымына кіреді. Бәріміз сол төрт мәзһабтың бірінде болуымыз керек. Ал, оларда мәзһаб жоқ. Дін мен дәстүрді бөле жарады. Құранда әр ел өз дәстүрімен дінді сабақтастарып өмір сүрулері қажеттігі айтылған. Әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, харам емес. Ал, оларға салсаң, бәрі харам. Бата қайыру да, сәлем салу да, жаназа шығару да бәрі харам, намаз оқымағанның бәрі кәпір. Шын мәнісінде өздері – кәпір. Өйткені қатыгездік мұсылманды кәпір етеді деген.
– Қазір кейбіреулер сәләфи-уахабилердің барына имамдарды кінәлап жүр ғой. Шын мәнісінде осы мәселе қылаң бергелі имамдар күресіп келе жатқаны бізге мәлім. Қазір «ликвидатор» имамдар да бар. Біз сондай әріптестеріңізді іздеп тауып, сұхбат алуға тырысудамыз. Он жылдан асыпты, Шымкенттегі «Әл-Біләл» мешітіндегі сұмдықтың беті ашылып, даудың басылғанына да. Сіз сол кезде оттың ортасына түсіп, шықтыңыз. Тіпті уахабилермен күрескеніңіз үшін өз басыңыз дауға қала жаздап еді. Кімге ұнамай қалғаныңызды қайдам, қазір бар-жоғыңыз білінбей қалды. Өткенге салауат десек те, әңгімелеп берсеңіз екен. Оларға қарсы тұру үшін не істемек керек?
– Бәріміздің де қорғанымыз – Алла, қалқанымыз – Құран. Қорғану үшін «суық» қарудың қажеті жоқ. Имамдарға керегі – терең білім. Сол жылдары өте қиын жағдайлар болды. Ұмытылып кеткен нәрсені, еске салып тұрсыз. Елдің ынтымағын сақтау үшін бар күшімізді салып күрестік. «Әл-Біләл» мешітіндегі жамағаттың 70 пайызы сондай ағымның жетегінде еді. Күнделікті сауат ашу дәрістері өткізіп, үздіксіз уағыз-насихат жүргіздік, әрқайсысымен жеке дара сөйлестік. Көп тартыс болды. Бірте-бірте, уахбилердің қатарына жаңадан қосылған адамның көпшілігі райынан қайтты. Ал, бұрыннан сіңісіп кеткендері сол күйі қалды, олар әлі де жүр. Ол кезде сәләфи-уахабилер өз білгендерін істеді. Мешітте уағыз айтылып жатса, құлақтарын «наушникпен» тығындап алатын. Үлкен кісілерге дөрекі сөйлейтін. Ұят – иманның жартысы. Олар да ұят та, аят та жоқ. Шын мұсылман үлкендерді құрметтейді. Ал, олар мешіт жамағатындағы қарияларға жұдырық жұмсаған. Талай рет біздің қызметкерлерімізді де ұрғандары да болды. Құдай кешірсін, олардың да жағасынан алдық, сабырға шақырдық, тәубеге келгені келді, келмегені ептеп сабасына түсті. Күнде мешітке қаруланып келіп, менің «жаназамды шығарамыз» деп кетті. Түн ортасында жұмыстан шықсам, үйге дейін аңдып та жүрді. Әлбетте ондай жағдайда өзің үшін емес, отбасыңның қауіпсіздігі үшін алаңдайсың. Десек те асыл дініміз бен еліміздің жанында біздің пақыр басымыз не, «тәйірі». Алла әділетті. Олардың бізге көздеген оқтары, өздеріне атылып, бірін-бірі өлтіріп біткен еді. Көбі сотталып та кетті. Осылайша тәртіп орнаған, Шүкір. Мен ол мешітте 11 ай ғана жұмыс істедім. Теледидарлардан қатты-қатты айттық. Біреулерге ол ұнамай қалды. Пайғамбарымыз с.а.у айтқан: «Шындық ащы болады» деп. Біреуге ұнайсың, біреуге ұнамайсың дегендей… Он жыл бұрын сол топқа кірген жастар қазір жігіт ағасы боп қалды. Сол кезде сотталғандардың алды түрмеден шығып жатыр. Бірақ, ол жақтан түзеліп оралып жатқан жоқ. Себебі олар сол баяғы бір «кассета». Олар ешқашан оңалмайды.
– Иманды бала жаман адам болмайды. Жылда Мүфтияттың нұсқауымен жаз бойы елдегі мешіттердің барлығында дерлік «сауат ашу» курстары өткізіледі. Бір байқағанымыз, көбінесе жылда келетін сол баяғы шәкірттер. Сол балалар мешіттің курстарына қатысып-ақ, бес-алты жыл қатарынан оқып, тәп-тәуір білім алып жатыр. Десе де бұл өте аз. Жастарды діни сауаттандыру үшін не істемек керек?
– Аллаға Шүкір, қазір, халықтың көзі ашылып келеді. Ең болмағанда жат ағымдар мен тура дінді ажырата алатындай дәрежеге жетті. Діни білімді болатын заманда өмір сүрудеміз. Ал, ата-ананың діннен хабары болмаса, балаға қалай үйретеді. Имамның міндеті мешітке келген жамағатты жақсылыққа шақырып, жамандықтан тию, барған жерінде уағыз айту. Әрбір үйдің есігін қағып, дінді үйретуге міндетті емес, имамдар. Шүкір, қазір Діни Басқарманың сайттары бар, газет-жорналдары бар, дін насихатталмай жатқан жоқ, тек тура дінді ізденетіндер көбейсе екен. Адамдар мешітке өз аяқтарымен келулері керек. Әсіресе, балаларды, жастарды көп оқыту қажет. «Ойбай, мешітке барма! Барсаң, уахабис боп кетесің» – деп мешіттен балаларын қашыратын ата-аналар да бар. Мешітке жібермеу – күнә. Мешіт – ол Алланың үйі. Ол жерде тура дінді үйретеді. Әркім өз баласын мешітке әкеліп, имамның қолына тапсырса қуана қарсы аламыз. Дәріс беруге әрдайым даярмыз. Ата-ананың бұл өмірдегі бір парызы – ұрпақтарын діни сауатты ету. Ақыретте осы үшін сұралады, ата-ана. Бәріміз балаға дінді үйретуді үлкен жауапкершілік деп сезінуіміз керек. Біздің мыңнан астам шәкіртіміз бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі салада қызмет етіп жүр, қазір. Есесіне олар иманы мықты, діни сауатты. Сондықтан, адаспайды. Ал, мешітке келіп тұрып, ішке кірмей, сыртын аңдыған сәләфилерге еріп кететін жастар адасуда. Өйткені ол жас, қалай исең, солай кетеді. Бір жағынан әлгілер ақша ұсынса, алданып қалулары да әбден мүмкін. Ақша не істетпейді? Сондықтан бала мен жастар тәрбиесіне ата-ана көптеп көңіл бөлу керек.
– Заңның қашан күшейтілетіні белгісіз. Оны күтіп, қол қусырып қарап отыратын уақыт емес. Имамдар жиналыстан шықпайды. Кейде әкімдіктің «қолбаласы» боп кеткен бе деп қаласың. Бұл жақта да «цензура», «қағазбастылық». Сіздердің міндеттеріңіз дінді насихаттау, кітап жазу емес пе? Шығармашылықпен айналысуға уақыт бар ма, өзі. Діннің насихатталуына көңіліңіз тола ма?
– Шүкір, Діни Басқарманың сайттары мен әлеуметтік желіде арнайы ұстаздардың уағыздары толып тұр. Мүфтияттың жанынан шығатын газет-жорналдар, ағартушылық кітаптар тағы бар. Аптасында бір уағыз көрсетсе де, телеарналар да дінге септігін тигізіп келеді. Мешіттерде намаз сайын жамағаттың сұрақтарына жауап береді, имамдар. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының патуа бөлімі де жұмыс істеп жатыр. Мүфтият сәләфи-уахабилік ағымдарды әлдеқашан «радикалды» деп танып, патуа шығарып қойған. Енді оларды мешітте имамдарды, мемлекетте қоғамды құрметтейтіндей етіп, заңмен тәртіпке бағындырған жөн. Өйткені олар уағызға мойынсұнбайды. Мүфтияттан бастап, айтылмай жатқан мешіт жоқ шығар. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген. Бағынсын. Біз мешітке «кәпір» кірсе де, «кет» деп айта алмаймыз. Олар соны пайдаланады. Бізде мешітте бас көтерген уахабилерді қамап тастайтындай құзырет жоқ. Сондықтан бар кінәні имамдарға артып қою дұрыс емес. Казір имамдарға кітап жазуға уақыт тапшы. Біздің «жиһад» діни сауат ашу боп тұр ғой. Бірақ сол ең керек аудиторияға түсе алмай жүрміз. Мәселен, мектептер мен ЖОО-ның есіктері жабық, біз үшін. Ал, бұзылып та, адасып та жатқандардың көбі кімдер жастар мен жеткіншектер. Балалардың ойынхана, букмекерлік клубтарда жүргеніне үндемейді. Ал, мешіт, имам десе, ата-аналардың да, мектеп директорларының да төбе шаштары тік тұрады. Сөйтеді де, балаларды тәртіпсіз деп сөгеді. Ислам діні имандылыққа шақырады. Иманды адам жаман болмайды. Бұрынғылар айтыпты: «Дінсіз адам болуы мүмкін, дінсіз қоғам болмайды» деп. Барлық мәселе діннің араласуымен шешілген. Әлі де бар. Мәселен, Римде папаларына сүйенеді. Біздің халықтың да дәстүрлі дінге мойнын бұру керек. Пайғамбарымыз с.а.у «Халықты ынтымаққа, дінге – насихат шақырады» деген. Насихат болмаған жерде ынтымақ болмайды.
– Сұхбатыңызға рахмет! Жаратқан иеміздің панасында болайық, әрдайым!
PS: Пайғамбарымыз с.а.у: «Менің сүннетімді және менен кейінгі әділетті халифалардың сүннетін сақтаңдар» – деген. Таласып-тартыспай, көпшілікпен бірге болуымыз керектігін ескерткен. Көпшілік дегеніміз – Пайғамбарымызбен с.а.у одан кейінгі төрт халифаның, сахабалардың ұстанымдарын сақтаушылар. Олар «Әһли – сунна уәл-жамаъа» қауымы боп саналады. Әлемдегі мұсылмандардың 87 пайызы «Әһли – сунна уәл-жамаъа». Оның ішінде Имам-ағзам Әбу-Ханифа мазһабын ұстанушылар – 52-54 пайызды құрайды. Пайғамбарымыз с.а.у: «Менің үмметім 73 топқа бөлінеді. Оның жетпіс екісі тозақта, біреуі ғана жаннатта болады» – дегенде, сахабалары тозақыларын емес, жаннаттықтарын сұраған. Пайғамбарымыз с.а.у Құраннан бір аят оқып: «Әһли – сунна уәл-жамаъа» деген екен. Жиһадшылар да, уахабилер де, радикалды топтардың ешбірі де «Әһли – сунна уәл-жамаъа» қауымынан емес. Тозақы екен. Олар өздерін «Әһли -сунна уәл-жамаъа» қауымынанбыз деп адал атымызды ластап, жымысқы ойларын жүзеге асырып жүр. Ислам діні зорлық-зомбылықты, соғысты ешқашан құптамайды. Сондықтан, иманымыз бен санамызға сақ болайық.
Сұхбаттасқан Мөлдір Нұрман
Дереккөз: qamshy.kz
Abai.kz