Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен #Birge#TazaQazaqstan экологиялық акциясы еліміздің барлық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында ұйымдастырылған болатын. Бұл игі іс-шараны қолдаушылар да көбейіп келеді, деп хабарлайды q-content.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен «Бірге — Таза Қазақстан!» атты экологиялық акциясының жоспары бойынша, Бәйдібек ауданы аумағынан ағып өтетін барлық өзендерінің бойында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Аудан бойынша акцияға жалпы 2885 адам қатысып, барлығы 4,8 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Адамдардан бөлек 13 техника жұмылдырылды.
Аудандық шара Боралдай ауылдық округі Боралдай өзені бойында ұйымдастырылды. Боралдай ауылдық округіндегі Теректі, Қаратас, Боралдай елді мекендерінің бойындағы 8 шақырым өзеннің бойы тазаланып, 3 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Шараға 1512 адам қатысты. Экологиялық шараға аудан тұрғындары мен ерікті жастар және Түркістан облысы экология департаментінің басшысы И.Түймебаев, Түркістан облысы стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы А.Абдулаев, Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Тәжібаев, аудан әкімі Б.Танагөзов қатысты.
Аталған игі шара Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында өтті.
Акцияға Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері, Төлеби ауданы әкімдігі мен мәслихатының, «Нұр Отан» партиясы ардагерлер кеңесінің және басқа да қоғамдық ұйымдар өкілдері, жергілікті кәсіпкерлер, Kaspi банк қызметкерлері, экологиялық ұйымдардың өкілдері, белсенділер, еріктілер, мектеп орманшылықтары қатысты.
Экологиялық сенбілік аясында өзендердің арнасы, туристік маршруттар, Төлеби филиалы Сайрамсу шатқалындағы ұзындығы 5 шақырым асфальт жол бойын, 3 шақырым өзен жағалауы және 8 демалыс алаңқайларын, (14 га) 2 кордон-демалыс үйлерінің, өткізу-тазалау бекетінің төңіректерінде, басқа да табиғи орындарда тазалау, тәртіпке келтіру, абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды.
«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Сахит Қынтаев аталған экологиялық акция азаматтарды Қазақстанның флорасы мен фаунасын сақтауға және экологиялық мәдениетінің дамуына септігін тигізетінін айтты. Ұйымдастырылып отырған бұл акцияның маңызы өте зор.