Өздеріңіз білетіндей Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты 100 мың теңге өтемақы берілу қарастырылған болатын. Және де осы бойынша түрлі сауалдар туындай бастады. Мысалы, көрші елдімекен тұрғындарынан сұрақтар келіп түсе бастаған. Алайда ҚР Үкіметі бекіткен тізім бойынша өтемақы беріледі. Бұл туралы Q-content.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, Арыс қаласы бойынша – 44 994 адам, Ақдала ауыл округінде – 4 324 адам, Қожатоғай ауыл округі бойынша – 4 232 адам, Дермене ауыл округінде – 2 052 адам. Жалпы бірінші кезекте 55 602 тұрғынға 100 мың теңгеден 5,6 млрд. теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отыр. Өтемақы төлеуге ҚР Үкіметінің резерві есебінен 3 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге және арнайы құрылған «Түркістан» әлеуметтік қорына түскен қаржыдан 1,6 млрд. теңге бөлінеді деп күтілуде.
Жұмысты жылдамдату, тиімді жүргізу мақсатында жергілікті тұрғындардан құжаттарды қысқамерзімде жинауға Арыс қаласын 17 секторға бөлген еді. Бекітілген тиісті мамандар және аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері бұл істерге белсене араласты. Олар 2019 жылдың 3 шілдесінен бастап өтемақы алуға өтініштерді қабылдауда.
Көптеген арыстық азаматтардың мемлекетіміз тарпынан қолдау тауып жатқаны белгілі. Түркістан облысы әкімшілігінің бұл істе атқарып жатқан жұмыстары көп. Күндіз-түні осы мекенде қалып, мектептерге түнеп жүрген қызметкерлердің еңбегі алдағы уақытта еленсе екен.