Шаһарда су объектілерінің экожүйелерін қорғау бойынша қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы су қорғау аймақтары мен белдеулерін анықтау жобасын әзірлеп, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізді. Нәтижесінде су қорғау аймағының белгілері анықталып, Қазақстан Республикасының «Су кодексінде» көзделген тиісті ұйымдармен келісілді. «Су нысандарының су қорғау аймақтары мен белдеулерін, оларды шаруашылықта пайдалану режимі мен ерекше жағдайларын белгілеу туралы» жоба әзірленген.
Жалпы қалада 2020 жылдан бері каналдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, Өтеміс тұрғын алабында орналасқан ұзындығы 10 шақырымды құрайтын «Өтеміс» каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қосымша айналымға қосылатын суармалы жерлердің көлемі 279 гектарға артты. 2021 жылы Еңбекші және Қаратау аудандарында орналасқан жалпы ұзындығы 35,5 шақырымды құрайтын «Сайрам су оң жағалау», «Чумчак» және «Көк» каналдарына күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. «Сайрам су оң жағалау» каналы толығымен аяқталды, ал «Чумчак» және «Көк» каналдарының жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін бітеді. 2022 жылы Еңбекші және Қаратау аудандарында орналасқан жалпы ұзындығы 31,2 шақырымды құрайтын «Шымкент», «Шапырашты» және «Сай ниже водопада» каналдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл «БМК» және «Сасық-1» каналдарында жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ал, «Ақсай-Қарабастау», «Қызыл-су», «Янгибай» каналдарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Айта кетейік, Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты жалпы ұзындығы 339,1 шақырымды құрайтын 34 канал және 2 өзен бар. Оның ішінде 27 канал ауыл шаруашылығы жерлерін суарады, 7 канал және 2 өзен қала ішінен өтеді. Жалпы қала бойынша 2026 жылға дейін ұзындығы 167,6 шақырымды құрайтын 21 канал күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізілмек.