Ақсүмбеден шыққан Ақсұңқар. Алаштың қайсар тарланы. Ұлтын сүйген ұлы тұлға. Бұл қай тұлғаға телініп айтылып тұрған теңеулер дерсіз. Әлбетте ұлт қайраткері Сұлтанбек Қожановқа арналған теңеулер. Лайықты теңеу, лайықты тұлға. Бүгін Созақ даласының Қаратау сілемдері шектелер тұсындағы ұядай ғана Ақсүмбе ауылында керемет шара өтті. Өйткені бұл ауылда 1894 жылы Сұлтанбек Қожанов дүние есігін ашқан. 125 жылдық мерейтойдың осы ауылдан бастау алуы да заңдылық. Дәл осы ауылдан Түркістан облыстық Nur Otan партиясы филиалының ұйытқы болуымен «АҚСҮМБЕ МЕН АҚСУ-ЖАБАҒЫЛЫ АРАСЫ» атты автосапары жолға шықты.
Шараға Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов, жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев пен өзге де зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Шараның мақсаты – мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист С. Қожановтың өнегелі өмірін насихаттау болатын. «Ұлтын ұлықтаған қайраткер» салтанатты іс-шарасы аясында мемлекет қайраткерінің 125 жылдығына орай, Созақ ауданында С. Қожанов атындағы 100 орындық мектептің алғашқы қышы қаланып, қайраткер ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Мерекелік шарада «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Тәжібаев құттықтау лебізін білдірсе, жазушы Мархабат Байғұт ағамыз ұлы тұлғаның сан қырлы тағдыры мен қажырлы еңбектерін ел есіне түсірді.
Мұнан соң делегация Шолаққорған ауылын бетке алды. Онда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Айтаханов бастаған зиялы қауым өкілдері ұлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Рас, тарих бізді алдамайды.Жиырмасыншы ғасыр басында Сұлтанбек Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлігісі болды. Ол ұлтжандылығы мен мемлекетшілдігінің арқасында Түркістан Республикасының негізін қалады. Қазақ ұлтына жан аямай қызмет етті. Министр болды. Қызылорда қаласын Қазақ АСР-нің астанасы ете білді.Небәрі 30-ға толар толмас жігіттің жетістіктері мұнымен шектелмеді. Міне, қайраткердің бұл қырлары «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты аймақтық ғылыми-тәжірбиелік конференциясында жан-жақты баяндалды.
Қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар, белгілі ғалымдардан құралған автосапар мүшелері ертең Түлкібас ауданында рухани кездесулер өткізіп, Қожанов пен Рысқұлов еңбектерін кеңінен насихаттау жөніндегі кеңестерімен бөліспек.