Шымкент қаласы өз алдына мегаполис болмай тұрып, шаһарды көптеген белгілі азаматтар басқарды: Анарбек Орман, Төретай Бекжігітов, Болат Жылқышиев, Өмірзақ Әмет, Ғалым Жұмжаев, Арман Жетпісбаев, Қайрат Молдасейітов, Дархан Сатыбалды, Ғабидолла Әбдірахымов сынды әкімдер. Соңғысы Шымқаланың республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін тағайындалған бірінші әкім болды.
Ғабидолла Әбдірахымов күтпеген жерден қызметінен босаған соң, бұл таққа Отырар ауданының әкімі болып қызмет істеп жүрген Ерлан Айтаханов тағайындалды. Ерлан Қуанышұлы бұдан бұрын облыс әкімінің орынбасары, Президент Әкімшілігінде қызмет істегенін жұрт жақсы біледі. Оның қалаға әкім болып тағайындалуы тосын жаңалық болмаса да, шаһар әкімі тағайындалар тұста «анау болады, мынау болады» деген гу-гу әңгімелердің орын алғаны есімізде.
Кез келген әкім таққа отырған соң не жаңалықтар жасайды, қандай тірліктер атқарады, айналасына қандай кадрларды топтастырады? деген сұрақтардың көкейде тұратыны рас.
Ерлан Айтахановтың Шымент қаласының әлеуметтік-экономкалық мәселелерін қалай шешетінін уақыт көрсетеді. Өйткені қордаланған өзекті, күрделі мәселелердің түйінін қысқа мерзімде шешіп тастау да мүмкін еместігі бар. Оған тиісті мерзім керек екенін түсінеміз. Тап қазір «мұнау дұрыс, мынау бұрыс істелініп жатыр» деп төрелік айту да қисынсыз. Қалаға әкім болып тағайындалғаннан кейін Ерлан Айтахановтың ең алғашқы жасаған қадамы – қала айналасындағы елді-мекендерде қыруар қордаланған әлеуметтік мәселелерді көзбен көріп, соның түйінін шешуге талпынуы болды. Осы мақсат төңірегінде бірқатар мәселелер уақыт еншісімен шешіліп жатса, қала халқының әкімге алғыстан басқа айтары болмайтын шығар.
Қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымдарды толық реттеуге, тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға жобалар жасалынып, қаржылар бөлініп, іске асқанша талай уақыттың кетері рас. «Сабыр түбі сары алтын» деген. Ондай жақсы күндерге де күә болуды жазсын. Ал, ағымдағы жұмыстардың қарқынын қай кезде де журналистік сараптама жасауға мүмкіндік табылады.
Біз енді Ерлан Айтахановтың айналасына қандай кадрлар топтасып жатыр? – деген тақырыбымызға көшейік. Біз білетін көп кадрлар осы аймаққа еңбегі сіңіп жүрген таныс азаматтар. Бұл жерде Президентіміз Қасым—Жомарт Тоқаевтың кадр саясатында жергілікті кадрларға басымдық беріп, олардың өсуіне жағдай жасау мүмкіндігін туғызу туралы мақсаты жүзеге асып жатқанын байқауға болады. Барлық аймақтарда қызметке қабылдау кезінде дарынды, көзі ашық, білімді, озық ойлы жастарға басымдық берілуі тиістігін де атап өткен еді Президент.
«Жергілікті өңір басшылары халықпен тығыз байланыс орнатып, қарапайым адами қарым-қатынас жасауға ерекше мән беруі керек. Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникация құралдарын тиімді пайдалану қажет. Бұл мәселені Түркістанға барған сапарымда және облыс әкімдерімен өткізген жиында айттым.
Әкім болу, ең алдымен, халыққа жақын болу деген сөз! Ең басты міндет – адал қызмет етіп, елдің сенімінен шыға білу! Әкімдер есептік кездесулерде ғана емес, халықпен апта сайын, ай сайын тұрақты жүздесіп, елді мекендерді түгел аралауы тиіс. Барлық деңгейдегі жергілікті аймақ басшылары тұрғындарды толғандырған мәселелерді уақтылы шешуі керек. Сонда ғана билік пен халық арасында сындарлы диалог орнайды», — деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқарушы билікке қойған талабын халық та жүзеге асқанын көргісі келеді.
Ең алдымен Айтаханов тағайындаған әкім орынбасарларына тоқталсақ. Енді бірі – Ербол Садыр, екіншісі – Бұхарбай Парманов. Екеуі де жергілікті атқарушы билікте ұзақ жылдар бойы қызмет істеп, үлкен тәжірибе жинақтаған кадрлар.
Ербол Садыр — бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы әкімінің ұзақ жылдар орынбасары болған азамат. Өте атқарушы билікте ысылған тұлға. Облыс пен қаланың әлеуметтік-экономикалық саясатын жақсы біледі. Қазіргі күнде елімізде ең өзекті мәселеге айналып отырған атаулы әлеуметтік көмектің проблемаларын шешуге талпынып жатыр. Бұл жерде қазақтың көп балалы аналары мен жәрдемге мұқтаж отбасыларының тағдыры тұрғанын атап айтқанымыз жөн. Қала әкімінің бұл орынбасары Ербол Әбілхайырұлы қарапайым халықпен қоян-қолтық араласып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, шешуге талпынып жүрген шенеуніктің бірі десек те болады. Кезінде ОҚО тұсында «Өрлеу» бағдарламасы аясында әлсіз отбасыларға қамқорлық жасау бастамаларын көтерген екен.
Ал, Бұхарбай Парманов кезінде Сарыағаш, Төлеби және Шымкент қаласы Абай ауданы әкімі болып, халықтың жүрегінде іскерлігімен сақталып қалған тұлға. Ол аймақтағы екі ауданда әкім болып тұрған тұста ел игілігі үшін көптеген әлеуметтік нысандарды қолға алып, пайдалануға берді. Бұл Сарыағаш, Төлеби аудандарында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына жете көңіл бөлді. Тазалық пен тәртіпті де мықтап қолға алды. Төлеби ауданынан Шымкент қаласына қызмет ауыстырғанда, осы жақтың бір топ тұрғындары мен аналары «Облыс әкімі Түймебаев мырза, Бұхарбай Пармановты Төлеби ауданына қайтарсаңыз. Біз енді бұл әкіміз қалай күн көреміз?» деген қимастық мазмұнда хат жазғаны газет оқырмандарының есінде. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы мықтап ұстаған шенеуніктердің бірі осы Бұхарбай Парманов десек болады.
Ерлан Айтахановтың командасына қосылған азаматтың бірі Қазығұрт және Төлеби аудандарында абыройлы әкім орынбасары болып қызмет істеген Ғалымжан Төлепов. Ол Шымкент қаласы Абай ауданына әкімі болып тағайындалды.
БАҚ өкілдеріне қатысты идеология саласында да кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Шымкент қаласының ішкі саясат және дін істер басқармасына елге танымал қызымыз Жанар Бектаева келді. Қазақ қыздары билікте өсіп жатса оған тек қуанамыз. Жанар Бектаева ұзақ жылдардан бері осы идеология саласының ыстық-суығына төзіп, өз қызметінде сатылап өсіп келе жатқан кадрдың бірі. Елдегі ақпараттық саясатты жетік біледі. Идеология саласында қолға алған тірліктерін, алдына қойған нақты жоспарларын жүзеге асырар деген ойдамыз. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің ішкі саясат саласында қатардағы қызметкерден басқарма орынбасары дәрежесіне дейін көтерілген тұлға. Ол Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары сынды жауапты лауазымдық қызметті де атқарды.
Конституция кепілдік берген сөз, шығармашылық бостандықтары аясында басқармада көптеген игі істер атқарылады деген сенімдеміз. Және төртінші биліктің төрінде жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне тиісті дәрежеде қамқорлықтар жасалады деген үміт бар. Жанар Бектаеваның айналасында ішкі және ақпараттық саясаттың тыныс-тіршілігін жетік білетін білікті кадрлар шоғырланып отыр. Мөлдір Кәуенова, Аңсар Усербаев, Сәбит Реметов және де осында тәжірибе жинақтап келе жатқан жас буын кадрлар бар.
Сондай-ақ Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы қызметінің жетекшілігіне жас та болса, ақпарат саласын жан-жақты білетін Еркеғали Балажан келді. «Жас келсе іске» деген. Әкім мен БАҚ саласының жұмысын үйлестіруге бар күш-жігерін жұмсайды деп ойлаймыз. Идеология саласының жұмысын жандандыруға Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы ақпараттық коммуникациялық орталығының директоры болып білімді де, білікті кадр Бекен Қоныс тағайындалды.
Шымкент қалалық «Шымкент келбеті» , «Панорама Шымкента» газеттерінің директор — Бас редакторы болып «Жас Алаш» газетінде бірге қызметтес болған, «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жыл істеген әріптесім Бақтияр Тайжан тағайындалды.
Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының жаңа басшысы Алтай Сембекұлы Әлі де іскер кадрлардың бірі. Өйткені қаланың тыныс-тіршілігін жақсы білетінін байқатты. Бұл саладағы ауыз су, кәріс жүйесі, электр қуаты, табиғи газ, аялдама, жылу мәселелерімен тыңғылықты айналысып жатыр. Әсіресе биылғы қыс маусымына дайындық жұмыстарын ойдағыдай жүргізген көрінеді.
Қаладағы көптеген білікті кадрлар, басқарама басшылары өзіне жүктелген жауапкершілікті терең түсінетін сияқты. Олармен баспасөз мәслихатында ұшырасып, сұхбаттасқан сәттерде көңілге түйгеніміз осы болды.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың айналасына топтасқан кадрлар бір жағадан бас, бір жеңінен қол шығарып, Шымқаланың халқы үшін игілікті тірліктер жасайды деп үміттенейік.