Ұлы Отан соғысының жеңісіне қатысты іс-шараларды әр ел әр түрлі жағдайда атап өтуде. Мәселен, Ресей мемлекеті соғысқа қатысқан өзге елдердің азаматтарына қатысты ауыз ашпауы тарихқа қиянат емес пе? Әрине, мұндай саясатты әруақ кешіре қоймас. Жалпы, “Бессмертный полк” онлайн көрсетуі, тележурналистерінің жобалары әсерлі болды. Ал бізде баяғы сол самарқаулық, жаттандылық пен жылдағы бірізділік қайталанғандай.
Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан өңірі) 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесін тойлаудың жаңаша үрдістері болған. Неге екені заман ағымына қарай ол да ұмыт қалғандай.
2005 жылы тұңғыш рет Жеңістің 60 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің портреттерін қолға ұстап шығу Түлкібас ауданында ұйымдастырылғаны ел есінде. Әрбір соғысқа қатысушының ұрпақтары мұны өз мойнына алған болатын. Соңында ұрпағы қалмаған немесе ата-анасын тастап көшіп кеткендердің (өзге этностар өкілдері) соғыс ардагерлерінің фотоларын балалар үйінің түлектері қуана-қуана, мақтанышпен алып өткені ел азаматтарының жүрегін тебірентіп, есейіп кеткен саналы ұрпақ әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кездегі Жеңіс күні мерекесіне 46 “УАЗ” автокөлігі жалданып, тенттері шешіліп, аудан ардагерлері көлік ретінде пайдаланды. Және алдын ала әзірленіп салған портреттер кәсіпқой суретшілердің еңбегі болатын. Ол суреттер Ұлы Отан соғысына қатысушылардың отбасыларына сыйға тарту ету мәселесі де ойластырылды.
Міне, сол Түлкібас ауданында туған осы бір керемет идеяны кейіннен Ресей көшіріп алды десек те болғандай. Бұл, әрине, қызғаныш емес, жақсы бастаманы өзіміз, өз елімізде қолдап-қорғамағанымыз өзімізге сын болып қалды. Осылай «Мен салар да, сен салар, атқа жемді кім салар?» деп жүргенімізде өзге елдер өз идеямызды үн-түнсіз егеленіп кете беретіні шындық. Кейбір ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға қатысты дүниелерді шет елдіктер патенттеп алып, егеленіп жатқаны да жұртқа таңсық болмай қалды.
Еліміздің өңірлерінде, қалалары мен аудандарында дүниеге келіп жатқан құнды бастамалар жетерлік. Соларды талдап, таразылап отыратын тиісті, құзырлы орталық орындар мен ұйымдар бейқамдықтан, немқұрайдылықтан арылғаны жөн болар еді. Сонда ғана біздің еліміз де шын мәніндегі халық үніне құлақ асатын мемлекеттердің қатарынан ойып тұрып, лайықты орын алатынына күмән жоқ.
Түлкібас ауданының су жаңа әкімі Нұрлан Байғұт осы жалғасын табуға тиіс жүзеге асқан идея жобасын келер жылы
9 мамыр – Жеңіс күні ел есіне қайта түсіріп, қамқор ниетпен қолға алса, сауап іс болар деп ойлаймын.
Балтабек Түйетаев