Ағымдағы жылдың 10 қараша күні ауданымызға Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Әлішев Әмірдин Мұхиденұлы бекітілген кестеге сәйкес жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметкерлерімен семинар өткізді.
Семинар барысында Әдеп жөніндегі уәкіл Әлішев Әмірдин Мұхиденұлы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153-ші Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Яғни, бұған қарап отырып біз, бұрынғыға қарағанда мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптардың күшейгендігін байқаймыз. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бетбейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады.
Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық жіті бақылап отырады, үнемі көңіл таразысынан өткізеді. Ел үшін жан аянбай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші қашанда елге сыйлы, басшылыққа қадірлі. Мемлекеттік қызметші әрқашанда әдеп кодексінің талаптарын естен шығармай әрдайым өзіне өзі есеп беріп отыруы қажет. Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарының талаптарын мұқият сақтап, еліміздің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар-ожданына және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет – халыққа қызмет!» деп елге деген адалдықтың «ақ туын» абыроймен ұстауға шақырды.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданына жұмыс сапары барысында Әмірдин Мұхиденұлы мемлекеттік қызметкерлерді жеке мәселелерімен қабылдап, көкейінде жүрген сауалдарына тұшымды жауап берді.