Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Министрліктер үйі жанынан көпқабатты паркинг салуға қатысты пікір білдірді.
Мемлекет басшысы елорданы дамыту мәселелеріне арналған жиында Министрліктер үйі жанынан екі көпқабатты паркинг салуды ұсынған болатын. Себебі мемлекеттік қызметкерлер өз көлігін қоятын жер таппай жүреді.
Қала басшысының айтуынша, қазіргі кезде дайындық жұмыстары басталып кетті. Паркинг салу үшін жер сатып алу керек.
«Көпқабатты паркингтің құрылысы үшін екі учаске қарастырылып жатыр. Біреуі Жоғары соттың маңайында, екіншісі үкіметтің арғы жағындағы көпірдің қасында. Қазір біз осы жердің иелері бойынша жұмысты бастап кеттік. Жерді сатып алып, салатын боламыз«, — деді ол сұхбатында.
Әкім де көпқабатты паркинг салу бастамасын қолдап отыр.
«Шынымен де, ол жерде кеңсе ғимараттары көп, үкімет бар, Министрліктер үйі бар. Сол себепті қала орталығында көліктің көп жиналғанын азайту керек«, — деп атап өтті қала басшысы.