Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы ең үлкен кәсіпорындарының біріне айналған тоқыма фабрикасының жұмысымен танысып шықты. «AZALA Textile» комбинатының иіру, тоқыма, бояу-әрлеу, тігін цехтарының жұмысы тоқтамай жұмысын жасап, комбинаттың өндіріс қуаттылығы күн санап артып келеді.
Аталмыш тоқыма фабрикасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.
Компания жеңіл тоқыма өнімдерін өндіреді, көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажетті бұйымдар шығарады.
Айына 500 тонна мақтаны өңдейтін фабрикада 1,5 миллион метр мата тоқылады. Өз өнімдерін республикамыздан бөлек алыс-жақын шетелдерге де экспорттайды. Мұнда қолданылатын шикізат отандық, яғни Оңтүстік өңіріндегі Мырзакенттен жеткізіледі. Онда 700-ден астам жұмысшы еңбек етуде.
Сонымен қатар, еліміздегі тігін цехтарынан медициналық бетперде жасауға қазір фабриканың сапалы маталарына, бөздеріне сұраныс артқан. Атап айтқанда, Шымкентпен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларынан тапсырыс қабылдауда.