Бүгін, ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков алдағы уақыттың жоспарымен және қазіргі таңға дейін атқарылған жұмыстармен бөлісті.
Басқарма басшысының мәліметінше, қала аумағында ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер 62,6 мың га құрайды. Оның ішінде, егістік жер — 39,5 мың га, суармалысы — 11,0 мың гектар.
- Қазір көктемгі дала жұмыстары тиісті мерзімінде орындалуда, жұмыс барысында қолда бар тракторлардың 91%, тұқым сепкіштердің 93%, жер қопсытқыштардың 95%, топырақ өңдейтін агрегаттардың 97% жұмылдырылған. Ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін жерлер өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға артып, 27,6 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Оның ішінде 16,6 мың га жерге дақылдары егілген, — деді басқарма басшысы.
Атап айтсақ, масақты дәнді дақылдардың егіс көлемі – 9,0 мың га; майлы дақылдар – 2,8 мың га; көкөніс пен бақша – 1,5 мың га; картоп – 0,1 мың га; мал азықтық дақылдар – 3,2 мың га егіледі. Президент тапсырмасына сәйкес, көктемгі дала жұмыстарына 5% мөлшерлемемен АШТӨ-не 500 млн теңге жеңілдетілген несие қаралған.
- Осы жұмыстарға бөлінген 1,25 мың тонна жанар-жағармайдың құны литріне 174 теңгеден 160 теңгеге төмендетілген. Өнімділікті арттыру мақсатында шаруаларға минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 105,1 млн.теңге қаралып, қазіргі таңда қолдау шаралары басталған. Ал озық технологияны қолдануға келсек, қазіргі таңда жылыжайдың жалпы көлемі — 183,5 га, оның өнеркәсіптік — 56,1га, фермерлік -127,4 га. Ағымдағы жылы қосымша 30 гектар жерге жылыжай салынған. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде жыл соңында өндірілетін өнім көлемі 1,6 млрд теңгеге артып, 11,0 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарлануда, — деді Асқар Сәкенұлы.
Сонымен қатар, есепті кезеңде мал басы мен өнімділіктің өсуі байқалады. Атап айтсақ: ІҚМ мал – 2,4% артып, 74,3 мың басқа; қой ешкі – 3,0%, 113,4 мың; жылқы – 1,1% кеміп, 13,7 мың; құс – 6,2% кеміп, 839,4 мың басқа жетті. Нәтижесінде ет 20,8%, 978,3 тонна, сүт 0,5%, 2,4 мың тонна, жұмыртқа 12,9% артып 12,9 млн дананы құраған. Мал шаруашылығын қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 1 140,7 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда шаруалар тарапынан түскен өтінімдер қабылдануда (76,0 млн теңге субсидия төленген).
17 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ
Шымкент қаласында ағымдағы жылдың 2 айында ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 23,5 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,0% немесе 0,5 млн. АҚШ долларына артты. 2020 жылдың 2 айында мал шаруашылығы бойынша тірідей 839 бас ІҚМ, 380 бас уақ мал, өсімдік шаруашылығы бойынша 3449 тонна басты пияз, 522 тонна томат, 512 тонна қырыққабат (капуста), 135 тонна тұрып (редька), 40 тонна сәбіз, 13 558 тонна ұн, 20 764 тонна картоп, және т.б. экспортталған.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, инвестиция және несиелендіру бойынша жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 7,6 млрд. теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылады. Оның ішінде қарқынды алма бағы — 1, жылыжай салу — 4, тауарлы сүт фермасы — 2, ешкі сүтін өндіру және қайта өңдеу — 1, құс шаруашылығын кеңейту — 4, жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу — 2, сүтті қайта өңдеуді кеңейту — 1, мал бордақылау алаңын салу және кондитерлік өнім өндіру.
Бұдан бөлек, «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ арқылы 260 млн теңгеге 6 жоба және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 723,5 млн. теңгеге 23 жоба бойынша жеңілдетілген несие қарастырылды. Оның ішінде 102,3 млн. теңге мемлекет тарапынан субсидияланған. Аталған бағытты қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен 2 280,5 млн теңге, несиенің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 500,0 млн теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге 164,3 млн теңге бөлінген.
Шымкент қаласы төтенше жағдай жөніндегі штабы