Сарыағаш ауданының еңбекқор шаруалары өнімдерді әртараптандыруды қолға алған.
Сарыағаш ауданының еңбекқор шаруалары өнімдерді әртараптандыруды қолға алған. Негізінен көкөніс өсірумен айналысатын диқандар өнім саудалау кезінде туындайтын қиындықтарды ескере отырып, көкөністермен қатар жеміс-жидектерді де өсіріп жатыр.
Бүгінгі таңда аудан шаруалары қыс мезгілінде құлпынай өсіріп, ерте пісетін жидекті саудалап, мол табыс табуды жоспарлауда. Айта кетсек, қазіргі таңда аудан аумағындағы 271 гектардан астам жерге құлпынай көшеті егілген. Олардың басым бөлігі «Жабай ата», «Абдурахман», «Agro tur» шаруа қожалықтарында өсіріліп, ішкі нарықта саудалануда.
Құлпынай өніміне сұраныс артуда. Еліміздің ірі қалаларынан, өңіріміздегі кәсіпкерлер мен тұрғындардан сұраныс мол. Диқандар иелігіндегі алқаптарда өнім түрлерін көбейтіп, кәсіптерін жандандырып отыр.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде агроиндустриалды аймақтар құру жұмысы жүріп жатыр. Облыста 74,2 мың шаруа қожалығы тіркелген немесе республикадағы үлесі 31% құрайды. 2022 жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеден асты.