Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналады. Ал үшінші аптада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктеледі. «Өнегелі ұрпақ» дейтін төртінші аптада ардагерлер сарайы мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады.
Елімізде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен 8 сәуірден «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Бес аптаға созылатын экологиялық науқанның алғашқы аптасы – «Таза өлке» апталығы. Апталық шеңберінде қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына атсалысып жатыр.
Таңсәріде ең алғашқылардың бірі болып Абай ауданының тұрғындары жұмысты бастап жіберді. Тазалық жұмысы «Асар» шағынауданындағы «Ардагерлер аллеясынан» басталды. Науқанға «Шымсити», «Тұран», «Асар» және өзге де іргелес шағынаудандардың тұрғындары қатысып, аулаларды, жер асты және жол үсті жүргіншілер жолдарын, аялдамаларды, сонымен бірге Бәйдібек би даңғылы мен А2 тас жолы бойын тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізбек.
– Бүгінгі жұмысқа Абай ауданына қарасты шағын аудандардың 300-ге жуық тұрғыны қатысып отыр. Сонымен қатар, 20 техника жұмылдырылды. Тұрғындар қоқыс жинап ғана қоймай, шөп ору, талдарды әктеу және сыры кеткен аялдамаларды бояп, жуып-талайтын боламыз. Тазалық акциясына аудан жастарымен қатар, егде жастағы қарияларымыз да келіп, ұрпақтар сабақтастығын насихатталып отыр, — дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлнұр Асылбекова.
Айта кетейік, бүгін Шымкентте #TazaShym атты жалпықалалық тазалық шарасы өтуде. Онда қаланың барлық аудандары мен елді-мекен аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізіледі.
«Шымкент келбеті»