Жастар жылы мемлекетіміз тарапынан жастарға деген қамқорлық артып келеді. Жастар көптеген кәсіптер ашып жатқан жайы бар. Қай қоғамда болмасын шағын және орта бизнес саласы дұрыс жолға қойылған кезде ғана мемлекет экономикалық дағдарысқа төтеп беріп, даму сатысынан төмендемейтін іргелі ел бола алады. Ол үшін ел арасында осы саламен айналысамын деушілерді тек қызықтырып қана қоймай, олардың бизнесінің дамуына да барынша жағдай жасалуы тиіс. Өйткені – шағын және орта бизнесті дамыту – еліміздің жалпы ішікі өнімін арттыруда, халықты жұмыспен қамту мәселесінде шешуші фактор болып табылады.
Бұл бағытта шағын және орта бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтары мен пайдасын жергілікті жастарға кеңінен түсіндіру, аудандағы кәсіпкерлердің іс-тәжірибесімен жастарды таныстыру жұмыстары мықтап қолға алынған.
Биылғы «Жастар жылында» мемлекеттік қолдаудың арқасында жылдық үстемесі 1 пайызбен 2 млн теңге несие алып, шаруасының ауқымын кеңейткен Жетісайлық жас кәсіпкерлердің бірі – Әсия Қозыбекова. Автокөліктердің орындықтарын қаптап, әрін келтіретін келіншек бұған дейін ескі тігін машинасымен жұмыс жасап келген. Енді міне мемлекеттен төменгі пайызбен несие алып, жұмысының ауқымын кеңейтіп отыр. Заманауи үлгіде түрлі дизайндар жасауға қауқарлы қос тігін машинасын, Ресей және Қырғызстан елдерінен түрлі маталарды алдырған. Осылайша жаңашылдыққа жаны құмар келіншектің тапсырыстарының да көлемі өсіп, бүгінде көршілес Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш және Қазығұрт аудандарынан да тапсырыстар қабылдап жатыр. 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған тігін цехы жеңіл автокөліктермен қатар автобустардың да орындықтарын қаптаумен айналысады.
Жас кәсіпкердің сөзінше мұнда тігіс тігуге қызығушылық білдіріп, үйренемін деп келушілерге де жағдайлар қарастырылған. Алдағы уақытта оқу курстарын тұрақты түрде ұйымдастыру мәселелері де толық қолға алынатын болады
Суреттерді түсірген Бауыржан Найманов