Шымкент қаласының орталығында орналасқан (16 м.а.) «Фосфоршы» мәдениет сарайының қаңырап бос қалғанына да біраз жылдар өтті. Сотты болған Тоқтар Төлешовтің меншігінде болған ғимараттың мәдени тарихы да кәсіпкердің дәурені секілді артта қалды. Уақыт тас екеш тасты да аямайды деген рас қой.
Балалық шағымда осы ғимаратқа жақын тұрдық. Ғимараттағы бокс үйірмесіне екі жылдай қатысып та үлгердім. Жақын маңдағы №24, 38, 39 мектептің оқушылары, тіпті бокс үйірмесіне алыс мөлтек аудандардан келетін. Бокстасуды бапкеріміз жақсы үйрететін. Үйірмедегі кіші-үлкеніміз таныс, дос болып өстік.
«Фосфоршылар» сарайында бұдан басқа шахмат, баскетбол, волейбол, би, футбол, тоғызқұмалақ т.б. сынды спорттық секциялар көп болған. Еденінің тозығы жеткен залда «райондағы» балалармен шегесі шыққанша доп тептік. Залда үлкен «ямалар» болғанға дейін тоқтамай ойнадық десек болады. Ғимараттың қыстағы суығына қарамайтын едік қой. Сағатына 2000 мың теңге алатын. Күздің жаңбырына, қыстың суық ауа-райына қарамай сырттағы үлкен стадионда кешкісін футбол ойнайтын едік. 11,16,17,18 м.а.-дан балалар көп жиналатын. Қызық еді. Бір-бірімізді танымаймыз. Төбелесеміз, қайтып дос боламыз, әйтеуір…
Сондай-ақ, «Фосфоршылардың» концерттік залында ресейлік танымал әншілердің ән кештері тоқтаусыз өтетін. Ресейден Андрей Губин, Галкин, Валерий Леонтьев, Валерия т.б. сынды әншілер де келіп, концерттерін қойған. Асқар Жүнісбековтың жарқырап шыққан кезіндегі концертіне анаммен бірге барғаным да есімде. Залда курткамен отырған едік. «Фосфоршылар» сарайының шаршай бастаған кездері болса керек…
Қамалған Төлешов осы ғимараттың тозығын шығарып жіберді деуге болады. Жап-жақсы ғимаратты жарамсыз етіп отыр. Өткен өтті, өкінгенмен пайда жоқ, өткенге салауат енді. Адағы уақытта ғимаратқа жақсылап қайта құрылыс жұмыстарын жүргіссе, үлкен сауап іс болайын деп тұр. Жалға беріп, табыс та табуға болады. Ең бастысы талай жастарымыз ойынханаларда уақыттарын босқа өткізбей, спорттық үйірмелерге қатысып, тәндерін сауықтырып және денсаулығына пайдалы іспен бос болмас еді.
Кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осы ғимаратқа қатысты ойымен БАҚ өкілдерімен бөлісті. Өңірімізге танымал қазақ тілінің жанашыры Әсет Әссәнди ағамыз бұл мәселені жиында тағы да қозғады. Бұдан бұрын да ағамыз фейсбук парақшасында Шымкент қаласының лауазымды тұлғаларына ғимаратқа қатысты мәселеге назар салуды айтып жүрді. Қазіргі уақытта аукционда тұрған ғимараттың құжаттарын заңдастырып алу бірінші кезекте тұрған көрінеді. Мұрат Әйтенов осы кезеңнен өткен соң, ғимараттың құрылысына міндетті түрде көңіл аударылатынын қадап айтты. Яғни, жақын жылдарда «Фосфоршылар» сарайы қайта пайдалануға беріліп қалмақ. Айтылған сөздер әкімшілік залдың ішінде қалып кетпесе екен. Ғимаратқа қатысты заңдылық құжаттары мүмкін бір жылда шешілер. Алда уақыт көрсетеді. Бастысы, жаңа әкімнің осы мәселені басты назарында ұстап отырғаны қуантады.