Әрбір қазақ азаматы өзінің тереңде жатқан тарихын білу керек. Ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен рухани құндылықтарын ұмыт қалдырмауымыз керек. Жалпы, кешегі тарих бір қарағанда күрделі тақырып болып көрінуі мүмкін. Не қызық бар осында деп ойлауыңызда мүмкін. Қателесесіз.Тарихи жад бәрімізде бар. Соның бар екенін ойға алмайтынымыз өкінішті. «Арыс оқиғасын» еске алыңызшы. Халық алдымен баланы құтқаруға ұмтылды. Солай істеді де. Міне,қалғып кеткен тарихи жад оянды.«Оян» дегенде осы тарихи жадты ояту туралы айтсақ нұр үстіне нұр болмақ.
Түркістан облысының ардагерлер кеңесінің бастамасымен облыс аудандарында «Тарихи сананы жаңғырту» атты дәрістер басталды. Алғашқы дәріс Қазығұрт ауданының Мәдениет үйінде өтіп, алғашқы жиында осы «Тарихи жад» тақырыбы туралы кеңіненәңгіме болды. Лекторлар сөйледі, тарихи жад ұғымын ғылыми негіздеп түсіндірді. Жиналғандар іргесі сөгілмей ұйып тыңдады.Қиын тақырып, керек емес дүние деген жоқ. Өйткені,өздерінде барға назар аударып көңіл бөлмегендіктен, аздап қалғып кеткен дүние туралы айтылды.
Тарихи санаға саяхат осылай Нұһ пайғамбардың кемесі қайырлап, күллі тіршілік атаулы басталған Қазығұрттан басталды да, руханияттың қайнары болып есептелетін Сайрам ауданында «Тарих методологиясы мен дерек көздерін ғылыми тұрғыдан талдаудың мәселелері» тақырыбында жалғасын тапты. Методология тарихты түсіндірудің әдісі. Оны батыстық көзқарас тұрғысынан да, отаршылдық көзқарас тұрғысында да жасап шығаруға, соған табанды тіреп алып түсіндіруге де болады. Бізге керегі — қазақи тұрғыдағы методология. Дереккөздерге әуесқой тарихшылардың сөздері емес, ғылыми тұрғыда жасалған талдауларға айналуға керек. Тарихи сана осылай қалыптасқанда ғана тарихи жад жандана түседі.
Лекторлардың дәрісі жиынға қатысып отырғандарға ой салды. Негізін ардагерлер құраған көпшілік «барған жерімізде жасымызды сыйлап сөз береді, сонда әңгімемізді бүгін тыңдаған деректермен негіздеп айтсақ әлдеқайда пайдалы болады екен-ау» деп тарасты.
Ордабасы ауданында «Тәуелсіздік және тарих ғылымы. Жадымыздағы өзгерістер» тақырыбында өткен дәрістерді бүгінгі күн, салт-дәстүрімізге енген өзгерістер, дәстүрдің озығы мен тозығы, оның тарихи жадымызға енгізген өзгерістері жан-жақты айтылды.
Төле би ауданында өткен дәріске Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, барлық аудандардың ардагерлер кеңесінің төрағалары мен әжелер алқасының төрайымдары, ауданның тарихшы мұғалімдері, жастар қатынасты. «Тарихтың қоғамдық сананы өзгертудегі ықпалы мен өрісі: кеше, бүгін, ертең» тақырыбындағы дәріске аудан әкімі Бауыржан Омарбеков қатысып, жиынды жүргізіп отырды. Екі сағатқа созылған жиында айтылған әрбір сөз санаға сіңді. Халық ұйып тыңдады. «Солай екен ғой, қалай мән бермей жүргенбіз? Тарихымыз таста қашаулы екен, дәстүрімізде ойын-сауықтың көркі емес, ойдың көркі екен» деп бір-біріне сұраулы жүзбен қарағандар аз болмады. Халықтың өткені, бүгіні, ертеңін сабақтастыратын тарих жайындағы дәрістердің жад пен санаға жағымды әсер еткені сонша, жарыссөздерге шыққандар «Дәрістерді қағазға түсіріп таратсаңыздар. Біз ауылдарға барып осы әңгімені айтайық» деп ұсыныс жасады. Тарихшы-ғалымдармен қалай байланысуға болатынын сұрап, ауылдарына шақырған ардагерлер мен мұғалімдер де болды.
Халық тарихшылармен кездескісі, жүйелі, құлаққа сіңімді, өзі туралы ғылыми негізделген әңгімені естігісі, оның үстіне және ести бергісі келеді екен. Тарихи жад оянды. Енді тарихи санаға сілкініс керек.
Тарихи сананы жаңғырту деген осы. Тарихи сананы жаңғырту — рухани жаңғырудың кепілі. Халыққа арналған дәрістер де осы тақырып аясында өтті. Дәрістерге тапсырыс берген Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы болса, ұйымдастырған «Openkazahstan» ЖШС болды. Осы орайда қоғамдық ұйымдардың белсенділігі туралы айтпай кетпеске болмайды. Кездесуді мазмұнды өткізу мәселесін Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі өз міндетіне алған болатын. Шынында солай болды. Жауапкершілікті алу және оның үдесінен шығуды ардагерлерден үйрену керек. Ал, ақпараттық қолдау көрсеткен «Серпіліс» ҚҚ-ы болды. Сөздің мәйегін ғылыммен шебер ұштастырып келелі әңгіме айтқан лекторлар тарих ғылымдарының кандидаттары Сәкен Мәжімбетов пен Қайрат Анарбаев, магистр Мақсат Елібаев болды.