Алғаш рет базар маңында баяғыша әдетпен жолды кесіп өтейін деп тұрған жерімнен полиция қызметкері жаяу жүргіншіге арналған жерден өтуімді ескертті. Сонымен 150 метр жердегі бағдаршамға қарайлап, белгіленген жерден өттім. Міне, сол кезде көпшілік осы жобаға мойынсынғысы келмей полицейлерге біраз қыр көрсетіп тұрғандарды да көріп едім. Кеше арнайы рейдтік шараға қатыстым. Арада он күндей өтті. Көпшілік тәртіпке үйреніп қалған. Арасында бұл жобадан хабарсыз кейбір жандар болмаса, тұрғындардың басым бөлігі ережені сақтап жүр.
Ия, тамылжыған тамызбен қатар келген «қауіпсіз қала» жобасы түркістандық тұрғындар үшін оңайға соқпай тұрғанын айыппұл хаттамаларының санынан аңғаруға болады. Күніне орта есеппен жаяу жүргіншілер, көлік жүргізушілері мен «нөлдік төзімділік» бойынша әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген 400-ге тарта азаматқа айыппұл өндіру үшін хаттама толтырылып жатыр. Бұл қала тұрғындарына шаққанда аз көрсеткіш емес. Соның ішінде орталық көшелерді белгіленбеген жерлерден кесіп өткен жаяу жүргіншілерге күн сайын 60-қа тарта хаттама толтырылып жатқанын қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің басшысы Бағдәулет Әуелбеков баяндады.
Осындай жұмыс барысымен танысып және одан әрі жүйелі жүргізілуін бақылау мақсатында қала әкімі аппаратының басшысы Қанат Мылтықбеков бастаған арнайы жұмысшы топ орталық «Қуаныш» базарының маңында болды. Топ басшысының айтуынша жұмысшы топ алдағы күндері өз жұмыстарын жалғастыра бермек.
Айта кетейік, тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше «қауіпсіз қала» жобасы бастау алғалы бергі уақытта сәт сайын оң нәтижеге қол жеткізіліп келе жатыр екен. Жергілікті тұрғындар тәртіпке бой үйретіп, игі бастамаға қолдау білдіріп жатқанын да еске салғанымыз жөн.