Шымкенттік делегация Қытай Халық Республикасында арнайы жұмыс сапарымен Сиань қаласында кездесулер өткізуде.
Бүгін арнайы топ ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында Шымкент пен Сиань қалалары арасында қол қойылған «өзара серіктестік орнату» туралы меморандумға сәйкес, Партком партия комитетінің төрағасы Фан Хонвэмен және партия өкілдерімен кездескен болатын.
Кездесуде екі қала арасындағы жоспарлар мен мүмкіншіліктер жайы талқыланып, алдағы уақытта Шымкент — Сиань әуе рейсін ашу мәселесі қаралды деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Айте кетейік, Қазақстанның үш өңірі Қытай қалаларымен өзара бауырластық келісіміне қол қойған болатын.
Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Тяньцзинь қаласының Халық Үкіметі Қазақстанда «Лу Бань шеберханасын» құру туралы келісім жасасқан болатын.
Ал Шымкент қаласы мен Сиань бірнеше апта бұрын бауырластық байланыс орнату жөнінде уағдаласқан болатын.
Қытай тарапы республикадағы үшінші қаланың осындай мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, түрлі салада ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға қызығушылық танытқан болатын. Бас консул қыркүйек айында Шымкент делегациясын Сиань қаласында өтетін экономикалық мәселелер талқыланатын ауқымды шараға қатысып, қаланың мүмкіндіктерімен танысуға шақырған еді.
Бауырластық байланыстар орнату туралы келісімге сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы мен Шэньси провинциясы да қол қойды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында 23 құжатқа қол қойған болатын. Оның ішінде өзара визасыз режим келісімі де бар еді.