15 мамыр — халықаралық отбасы күні. Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы. Шымкенттік Гүлбану Таласбаева 8 бала өсіріп отырған ана, аяулы жар, үлгілі келін.
Гүлбану Бауыржан Өмірзақұлымен көңіл жарастырып, 2009 жылы Жұмабаевтар әулетінің босағасын аттаған.
— Мен үлкен әулетке келін болып келдім. Әрбір жас келіннің басынан өтетін жағдай ғой, жүрексініп, алғашқыда қорқыныш болғаны рас. Алайда, анамыз 5 ұл, 3 қыз өсірген ардақты ана еді. Жолдасым 8 ағайындының кенжесі. Апам өте жанашыр, балажан кісі болатын. Отасқан алғашқы 4 жылда ата-енем, қайын аға-абысыныммен бірге тұрдық. Қарашаңырақта 3 перзентім дүниеге келді. Тұңғышым Әселдің есімін әжесі өзі қойып, бауырына басты. Кейбір жас ана алғашқы сәбиін дүниеге әкелгенде тәжірибесінің жоқтығынан көп қиналып жатады ғой. Алайда, апамның арқасында тұңғышымның қалай өсіп, бұғанасы бекігенін де байқамай қалдым, – дейді Гүлбану.
Әңгіме барысында Гүлбану ибалы келін екенін әрекетімен де дәлелдей түсті. Енесі марқұм Несіпкүл ананың есімін тікелей атамады. Бұл өз анасы Әзиза Өмірбаевадан алған өнегесі, жастайынан бойына сіңірген тағлымды тәрбиесі деп білдік.
— Алланың ісі ғой, апамыз көзі тірісінде бөлек үй болғанымызды көргісі келген екен. Араға жыл салып анамызды ақтық сапарға шығарып салдық. Әсел, Еділ, Әйгерім қарашаңырақта дүниеге келді. Төрт жылдан аса уақыттан соң, атамыз бізге еншімізді беріп, үлкен үйден бөлек шықтық. Жолдасым — құрылысшы, бесаспап азамат. Самал шағын ауданынан жер телімін алып, екі қабат үйдің іргетасын қаладық. Жаңа баспанамызға кірген жылы Сұлтанымыз дүниеге келді, – дейді кейіпкеріміз.
Сұлтан — бүгінде Мансұр, Айзере мен Бейбарыс есімді өзінің соңынан ерген бауырларына қамқор аға. Балалардың алды 7 сынып оқыса, кенжесі балабақшаға барады. Анасы қыздарды түрлі қолөнер мен ән, би үйірмелеріне, ал ұлдарды спорттық секцияларға жаздырып қойыпты.
Қарапайым ғана келіншектің бойынан қазақ қыздарына тән қайсарлық пен аналарына тән даналықты көріп, қуанып қалдық. Үйдің іші мұнтаздай таза, интерьері де үйлесімді. Үй ішіндегі бөлме гүлдері де ішкі интерьерге сән беріп тұр. Ал, балалардың заттарының ұқыпты орналасқаны мен жинақылықты көріп, көп балалы отбасы дегенге бір көргеннен сенбесіңіз анық.
Кейіпкеріміздің әңгімесінен ана өсиетіне деген адалдықты, тазалықты көріп тәнті болдық.
— Үй тірлігіне қанша пысық болсам да, келін ретінде апам мен абысындарымның үйреткені көп. Апамның «Біреудің ала жібін аттамаңдар, Үлкенді құрметтеп, адал болыңдар. Ағайынның ауызбірлігін сақтап, біріктіретін әйел. Сондықтан абысын-ажын тату жүріңдер» деген өсиеті әрдайым жадымда жаңғырып тұрады. Ата-анамыздың даналығына, жолдасымның отбасы алдындағы жауапкершілігіне сенгендіктен болар, қай перзентіміз дүниеге келгенде де, қорқыныш болған емес. Өмір болған соң, қызығы мен қиындығы қатар жүретіні анық. Тек екі жас бір-бірінің жақсысын асырып, жаманын жасырып, бір-біріне демеу бола білгенде ғана іргетасы берік отбасы құрылатыны анық. Ал, әрбір әйел келген әулетінің ұрпағын жалғастырып, шаңырағының шырақшысына айналса игі, – дейді ол.
Перзенттерін өсіріп, тәрбиелеуде ешкімге алақан жаймай, адал еңбек, маңдай терімен тапқан табысын жұмсап, отбасының берік қамалына айналған Бауыржан Жұмабаевтың әкелік жауапкершілігіне риза болдық. Сананы нарық билеген заманда көп балалы болуға қорықпай, етегіне берген баласын тәрбиелеп, нәзік жандыларға бұйыртқан Алланың аманатына адалдық танытқан Гүлбанудай жас аналарымыз көбейе берсін деп тіледік.
«Шымкент келбеті»
Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.