Түркістан облысында егін шаруашылығы Шардара мен Жетісай аудандарында кең ауқымда дамыған. Нәсібін жерден терген шаруалар үшін уақтылы дән себу, егісті агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптап, мол өнім алу еңбектерінің жанғаны болып саналады. Көктем шықты дегенше шаруалардың кетпенін иығына асып, егістікке түскенін көз алдымызға елестете береміз. Ертерек қамданбаса мол өнім алудың өзі қиынға соғады. Осы орайда шаруаларға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан көмектің де пайдасы орасан. «Ырыс» микроқаржы ұйымы 10 жылға жуық уақыттан бері кәсіппен айналысамын деген азаматтарға көмек қолын созып келеді.

«Ырыс» МҚҰ кәсіптің кез келген түрін қаржыландырып келеді. Бұл ұйымның арқасында ауыл шаруашылығы саласының ерекше қарқын алғанын атап өтуге болады. Бұған біз Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарындағы шаруалардың жағдайымен танысқан кезде көз жеткізе түстік.

Мақтаарал ауданы бойынша 162 шаруа қожалығы аталмыш ұйымның есебінен несие алған. Қаржының жалпы сомасы 298 млн. теңгені құрайды. «Ырыстан» несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың бірі – осы Мақтаарал ауданындағы «Укажан» шаруа қожалығы екен. Қожалық басшысы Құлтай Аманқұловтың айтуынша, 2010 жылдан бері «Ырыстан» несие алып келеді. Нәпақасын жерден айырып отырған шаруа мақта егумен айналысады. Шаруа қожалығына тиесілі 40 гектарға жуық жерге мақта егу үшін жылына 5 120 000 теңге несие алады екен.

Микроқаржы ұйымының дәл осындай көмегіне сүйеніп, мақта егіп отырған шаруалардың бірі – Жетісай ауданының тұрғыны Аралбай Әбдіразақов. Осы аймақтан «Әшірхан ата» шаруа қожалығын құрған ол мақта егумен 40 жылдан бері айналысып келеді екен. Ол «Ырыстың» несиесін аталмыш ұйым ашылғалы бері алып келеді. Аралбай Әбдіразақовтың шаруа қожалығына 100 гектар жер тиесілі. Тәжірибелі диқан осы жердің барлығына мақта егеді. Жыл сайын 13 млн. теңге несие алып, «жерге құяды». Аралбай қария 70-ке келсе де тың, барлық шаруаның басы-қасында өзі жүреді. Шаруа қожалықтың кез келген тірлігін өзі атқарып жүр.

Жалпы, Жетісай ауданы бойынша микроқаржы ұйымының көмегіне 209 шаруа қожалығы жүгінеді. Олар жыл сайын 389 млн. теңге несие алып, уақтылы қайтарып отыр.

Шардара ауданында 210 шаруа қожалығы «Ырыс» МҚҰ-ның арқасында нәпақа тауып жүр. Олар жыл сайын аталмыш ұйымнан 489 млн. теңге алады. Тиісінше өнім жиналып біткен соң сол соманы 6 пайызбен қайтарады.

Сондай шаруа қожалықтарының бірі – «Балтабай» шаруа қожалығы. Қожалықтың төрайымы Дүйсенкүл Серкебайдың айтуынша, 1998 жылдан бері мақта егумен айналысып, 10 жылдан бері «Ырыстан» алған несиемен шаруасын шалқытып келеді. Сондай-ақ, шаруа қожалығының төрайымы аталмыш микроқаржы ұйымынан несие алудың артықшылықтарына тоқталды.

– «Ырыстан» несие алудың тиімділігі – қаржыға ерте қол жеткіземіз. Сол арқылы шит пен жанар-жағармайды арзан кезінде ала аламыз. Бұл әрі қаржы үнемдеуге, әрі өнімді ертерек алуға сеп болады. Сонымен қатар «Ырыс» МҚҰ тұрақты несие алушы шаруаларға қаржыны оңай алу жолдарын қарастырған, – дейді Дүйсенкүл Серкебай. Қазіргі таңда, «Ырыс» микроқаржы ұйымы 1,2 миллиард теңгені Түркістан облысының кәсіпкерлеріне бөліп отыр. «Ырыстықтар» жергілікті кәсіпкерлерге жыл басынан бері 1145 жобаға 3,5 миллиард теңгенің несиесін таратқан.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.