Түркістан қаласында әскери кәсіп пен әскери қызметтің қоғамда беделін арттыру үшін көптеген жұмыстар атқарылуда.

Әскери бөлімнің барлық ғимараттары мен үй-жайлары, сондай-ақ аумағы әрдайым тазалықта және реттілікте ұсталуға тиіс. Әрбір командир (бастық) ғимараттар мен үй-жайларды дұрыс пайдалану, жиһаздың, мүкәммал мен жабдықтың сақталуы үшін жауап береді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі, сондай-ақ әскери бөлімнің атауы бар маңдайшалар әскери бөлімдер штабтарының ғимараттарында тұрақты негізде орналастырылуы және оларға түнгі уақытта жарық түсірілуге тиіс.

Барлық бөлмелер нөмірленген болуға тиіс. Үй-жайлардың есіктеріндегі, үй-жайларға, ғимараттарға кіреберістердегі үлгі жазбаларының тізбесі және оларды ресімдеу 14-қосымшаға сәйкес белгіленеді.

Әрбір бөлменің кіретін есігінің сыртқы жағына (есіктің оң жағында немесе сол жағында) оның нөмірі (арналуы) көрсетілген тақтайша ілінеді, ал әрбір бөлменің ішкі жағына онда бар мүліктің (жиһаздың, мүкәммал мен жабдықтың) тізімдемесі (15-қосымша) ілінеді.

Жиһаз, мүкәммал және барлық жабдық үй-жайдың заты болып табылады және әскери бөлім командирінің рұқсатынсыз бір бөлімшеден екіншісіне көшірілмейді.

Казармада көрінетін жерде арнайы стендтерде күн тәртібі, сабақ кестесі, нарядтар парақтары, жеке құрамның орналасу сұлбасы (16-қосымша), ұйықтайтын үй-жайдағы температуралық режимді бақылау кестесі , мүліктің тізімдемесі мен қажетті нұсқаулықтар ілінеді.

. Бөлмелерде (үй-жайларда) ілінетін портреттер мен картиналар рамкада болуға тиіс. Барлық үй-жайларда гүлдердің болуына, ал терезелерге ұқыпты бір түсті перделер, шымылдықтар, жалюздер ілуге рұқсат етіледі.

Қала көшелеріне шығатын төменгі қабаттардың терезелеріндегі шынылар қажетті биіктікте күңгірт (күңгірттенуі) болуға немесе ақ бояумен сырлануға тиіс.

Қажет болған кезде казармаға кіретін есіктер қарайтын көзшемен, сенімді ішкі бекітпемен және бөлімше бойынша тәуліктік кезекшіге шығарылған дыбыстық дабылдамамен жабдықталуы мүмкін. Осы жағдайда төменгі қабаттардың терезелеріне ішкі бекітпелері бар торлар орнатылады.

Су құбыры бар барлық үй-жайлар су ішуге арналған шағын субұрқақтармен жабдықталады, ал су құбырлары жоқ үй-жайларға ішетін суы бар құлыпқа жабылған шағын бөшкелер орнатылады, олар да шағын субұрқақтармен жабдықталуы мүмкін. Шағын бөшкелер күн сайын рота бойынша кезекшінің бақылауымен шайылады және ішетін таза сумен толтырылады, аптасына бір рет оларды залалсыздандыру жүргізіледі. Шағын бөшкелердің кілттері рота бойынша кезекшіде сақталады.

Барлық үй-жайлар қоқыс салуға арналған урналардың жеткілікті санымен қамтамасыз етіледі.

Ғимараттың сыртқы есіктерінің алдында аяқкиімді тазалау үшін керек-жарақтар және қоқысқа арналған урналар болуға тиіс.

Үй-жайларды күн сайын жинауды рота бойынша кезекшінің тікелей басшылық жасауымен тәуліктік наряд жүргізеді.

Жинаушылар: кереуеттер мен кереует жанындағы тумбочкалардың астындағы қоқысты сыпырып шығаруға, кереуеттер қатарының арасындағы өтпелерді сыпыруға, едендерді сулы шүберекпен сүртуге (еденге суды төгіп жууға рұқсат етілмейді), қоқысты белгіленген орынға шығаруға, терезелердің, есіктердің, шкафтардың, жәшіктер мен басқа да заттардың шаңын сүртуге, кештен бастап қолжуғыштарды сумен толтыруға, урналарды тазалауға, ал темекі шегуге арналған орындарда, одан басқа оларға су (залалсыздандыратын сұйықтық) құюға міндетті.

Сабақ уақытында үй-жайларда тазалықты ұстау тәуліктік кезекшілерге жүктеледі.

Күнделікті жинаудан басқа, аптасына бір рет рота старшинасының басшылығымен барлық үй-жайларды жалпы жинау жүргізіледі. Жалпы жинау кезінде барлық төсек-орын заттары (матрацтар, жастықтар, көрпелер) үй-жайдан (казармалардан) шығарылады, мұқият қағылады және желдетіледі.

Асханалардағы, наубайханалардағы және нан зауыттарындағы барлық жабдық пен мүкәммал таңбаланады, таза күйде және реттілікте ұсталады; тамақ ішкеннен кейін ыдыс тазалануға, жуылуға, ыстық сумен булануға және кептірілуге тиіс. Ыдыс сөрелерде немесе арнайы шкафтарда сақталады.

Қыста ғимараттар шатырларының терезелері жабылуға, ал жазда ашылуға, бірақ арнайы тормен қорғалуға тиіс.

Шатырлар, жертөлелер жабылады және мөрленеді, олардың кілттері осы үй-жайларды ұстауға жауапкершілік жүктелген бөлімшенің кезекшісінде сақталады. Үй-жайлардың шатырлары мен жертөлелерінде қандай да бір мүлікті сақтауға жол берілмейді.

Дәретханалар унитазы бар кабиналармен (саңылаулармен) және зәрағармен он-он екі адамға бір унитаз (саңылау), зәрағар есебінен жабдықталады. Дәретханада әрбір кабинада урналар мен дәретхана қағазы болуға тиіс. Дәретханалар таза күйде ұсталуға, күн сайын залалсыздандырылуға, жақсы желдетілуге және жарық болуға тиіс. Оларды жинауға арналған мүкәммал осыған арнайы бөлінген орында (шкафта) ұсталады. Дәретханаларды ұстауды бақылау старшиналарға (сержанттарға), санитариялық нұсқаушыларға және бөлімшелер бойынша кезекшілерге жүктеледі.

Сыртқы дәретханалар су өтпейтін қазылған шұңқырларға, тұрғын үй-жайлардан, асханалар мен наубайханалардан (нан зауыттарынан) сексен метр арақашықтықта орнатылады. Сыртқы дәретханаларға жолдар қараңғы уақытта жарық беріледі. Қажет болған кезде (түнде) жылдың суық уақытында арнайы бөлінген үй-жайларда зәрағарлар жабдықталады.

Дәретханалардың қазылған шұңқырлары уақтылы тазаланады және залалсыздандырылады.

Аудандық пайдалану бөлімдері мен өрт сөндіру органдарының рұқсатынсыз үй-жайларды қайта жобалауға, бар және тұрғызылған жаңа құрылыстарды көшіруге және бөлшектеуге, ішкі электр желілерін салуға, сондай-ақ уақытша және жаңа пештерді, дербес жылыту жүйелерін салуға жол берілмейді.

Энергиямен жабдықтау, газбен жабдықтау және орталықтандырылған жылыту жабдықтарын және желілерін жөндеуді аудандық пайдалану бөлімдерінің күштері немесе арнайы даярлығы мен оны орындауға рұқсаты бар адамдар жүргізеді.

Казармалық үй-жайда саппен жүруге жол берілмейді.

Әскери бөлім орналасқан аудан, әскери қалашық аумағы және оған іргелес көшелер учаскелері көгалдандырылуға және тазалық пен реттілікте ұсталуға, ал қараңғы уақытта жарық берілуге тиіс. Әскери қалашық аумағы қоршалады.

Әскери бөлім орналасқан аудан жинау үшін бөлімшелер арасында учаскелерге бөлінеді. Қоқыс күн сайын қақпағы жабылатын контейнерлерге жиналады және шығарылады. Контейнерлер төсемі қатты алаңда орналастырылады. Кемінде аптасына бір рет контейнерлер тазаланады және залалсыздандырылады.

Әскери қалашықтың (әскери бөлімнің) аумағын жинау тәуліктік наряд күштері және түскі тамақтан кейінгі уақытта осы мақсат үшін арнайы бөлінген командалар жүргізеді. Парктік-шаруашылық күні әскери бөлім орналасқан ауданды жинау үшін командалар немесе бөлімшелер бөлінеді.

Жылыту кезеңінің басталуы мен аяқталуы гарнизон бастығының немесе әскери бөлім командирінің бұйрығымен жарияланады. Пешпен жылыту кезінде үй-жайларды жылыту, отынды қабылдау және беру тәртібі мен уақытын әскери бөлім командирі немесе гарнизон бастығы белгілейді.

Барлық қазандықтарды, орталық және автономды жылыту жүйелерін, пештер мен мұржаларды, сондай-ақ үш айға арналған қатты және сұйық отын қорын жылыту маусымы басталғанға дейін бір ай бұрын актілер жасай отырып, гарнизон бастығының (бөлім командирінің) комиссиясы тексеруге, ал ақаулы жүйелер жөнделуге тиіс. Жылыту жүйелерін тексеру бақылау от жағуды жүргізумен жүзеге асырылуға тиіс. Мұржаларды тазалау белгіленген мерзімде жүргізіледі.

Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін гарнизон бастығының (бөлім командирінің) комиссиясы аудандық пайдалану бөлімімен бірлесіп акт жасай отырып, орталық және дербес жылыту жүйелерін түгендеуді жүргізеді. Түгендеу актісі негізінде жаңа жылыту маусымына дайындау жоспары және аудандық пайдалану бөлімдері мен жоғары тұрған штабтарға өтінімдер жасалады.

Қыста тұрғын үй-жайларда ауа температурасы Цельсий бойынша плюс он сегіз градустан, ал медициналық мекемелерде Цельсий бойынша плюс жиырма градустан төмен емес, ал қалған үй-жайларда белгіленген нормаларға сәйкес ұсталады. Термометрлер үй-жайлардың ішкі қабырғаларына, пештер мен жылыту аспаптарынан алыс, еденнен бір жарым метр биіктікте ілінеді.

Пештерді жағу жиырма сағаттан кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Оқу және қызметтік үй-жайларда пештерді жағу таңертең жүргізіледі және сабақ (жұмыс) басталғанға дейін бір сағат бұрын аяқталуға тиіс. Үй-жайларда осы Жарғының 223-тармағында белгіленген нормалардан төмен температура кезінде пештерді жағу әскери бөлім командирінің рұқсатымен жалғастырылуы мүмкін.

Жылыту кезеңі уақытында пештерді жағу үшін әскери бөлім бойынша бұйрықпен сарбаздар (матростар) қатарынан от жағушылар тағайындалады, олар алдын ала пештерді жағу қағидаларын оқуға және өрт қауіпсіздігі талаптарымен таныстырылуға тиіс. От жағушылар сабақтардан босатылмайды. Жылыту кезеңінде олар барлық нарядтардан босатылады.

Бөлімшелерде пештерді жағуды қадағалау рота старшинасына (рота сержантына) және рота бойынша кезекшіге жүктеледі, ал әскери бөлім штабында әскери бөлім штабы бойынша кезекшіге жүктеледі.

Тәуліктік наряд адамдарына нұсқау беру кезінде олардың тұрғын және қызметтік үй-жайларда пештерді жағу қағидаларын сақтауын бақылау қажеттілігіне ерекше назар аударылады.

Ақаулы пештерді пайдалануға, оларды жағу үшін жанармай сұйықтықтарын қолдануға, от жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, отынды пеште немесе пештің жанында кептіруге және оларды тұрғын үй-жайларда сақтауға, сондай-ақ үй-жайларда, дәліздер мен баспалдақтарда ағаш жаруға және аралауға жол берілмейді.

Жылыту кезеңі аяқталғаннан кейін барлық пештер мен мұржалар тазалануға және рота старшинасы пәтер-пайдалану қызметінің (бөлімнің пәтер-пайдалану қамтамасыз етуді, сондай-ақ табиғатты қорғау іс-шараларын жоспарлауды және бақылауды, бөлім мұқтажы үшін бөлінген жер учаскелерін бөлуді және пайдалануға беруді, әскери қызметшілерді, жұмысшылар мен қызметкерлерді тұрғын алаңымен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган) бастығымен бірлесіп қарауға тиіс, одан кейін пештердің есіктері пломбаланады немесе мөрленеді.

Казармаларда үй-жайларды желдетуді рота бойынша кезекшінің қадағалауымен тәуліктік кезекші: ұйықтайтын үй-жайларды (бөлмелерді) ұйықтар алдында және ұйқыдан тұрғаннан кейін, ал сыныптарды сабақ алдында және олардың арасындағы үзілістерде жүргізеді.

Жеке құрам үй-жайлардан тысқары болғанда суық уақытта терезе желкөздері (фрамугтері), ал жазғы уақытта терезелер ашылады. Егер жеке құрам үй-жайдан шықпаса, желкөздер (фрамугтер) немесе терезелер тек үй-жайдың бір жағынан, ал суық уақытта үй-жайларды желдету үшін қажетті кезеңде ашылады. Ашық желкөздер мен терезе рамалары міндетті түрде ілгектерге (бекітпелерге) бекітіледі.

Жазғы уақытта ұйықтайтын үй-жайлардың, оқу сыныптарының, асханалардың, медициналық пункттердің, дәретханалардың терезелері жәндіктерден қорғану үшін торлармен жабдықталады.

Бар желдету қондырғылары ақаусыз жай-күйде ұсталуға тиіс. Ағынды-сору желдеткіші әскери бөлімнің командирі белгілеген уақытта іске қосылады.

Жарық беру тәртібін әскери бөлім командирі айқындайды. Жарық беру толық және кезекшілік (ашық емес қара көк түс) болып бөлінеді.

Ұйықтайтын үй-жайларда ұйықтаған уақытта кезекші жарық қалдырылады. Керосинмен жарық беру кезінде кезекші шамдар толық жарықпен жағылады. Казармаларға кіреберістерде, қару сақтауға арналған бөлмелерде, дәліздерде, баспалдақтар мен дәретханаларда қараңғы түсісімен және таң атқанға дейін толық жарық ұсталады. Жарық беру режимін қадағалау кезекшілер мен тәуліктік кезекшілерге жүктеледі.

Түнгі уақытта әскери бөлім орналасқан ауданның электр жарығы сөндірілмейді.

Авария немесе басқа да себептер бойынша электр жарығын уақытша сөндірген жағдайда рота және басқа да бөлімшелер бойынша кезекшілерде резервтік (дербес) жарық беру көздері (қосалқы шамдар, қол шамдар) болуға тиіс, оларды сақтау орындарын әскери бөлім командирі айқындайды.

Түркістан қаласында әскери кәсіп пен әскери қызметтің қоғамда беделін арттыру үшін көптеген жұмыстар атқарылуда.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.