Ұлты өзбек, орыс, я қазақ болсын, зейнеткерлікке шыққан адам орнын келесі буынды жұмыссыз қалдырмас үшін босатуы керек! Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету жолында Үкімет жылдар бойы түрлі бағдарламалар ұсынып, онысы өз жемісін бермек түгілі, жұмыссыздықтың көрсеткіші керісінше шарықтап тұрады. Әрине, сол Үкіметтегілердің өздері жылы да жұмсақ орындарын қимай жатса, жұмыссыздық тақырыбын қозғаудың өзі күлкілі.

Небір мемлекеттік мекемелер бар, зейнет жасындағы ата мен апалар басқарып отырған. Я, болмаса сол жерде қарапайым қызметкер боп, орнына желімдей жабысып қалған. Орнын босатуды талап етсең басшылары шуылдаса кетеді, орнын басатын кадр жоқтығын сылтауратып. Ол нендей кадр екен сонда? Қандай жан ол ерек туған? Не артықшылығы бар соңынан ерген жастардан?

Мемлекеттен зейнетақыны бір алып, оған қоса жалақы… Сол зейнеткер кісі болмаса мекеме құлап қалар делік, онда зейнетақыдан айыру керек шығар орнын босатпаса?.. Адамның жасағанын адам жасай алады. Баспалдақпен жылжығандай ғой… Мысалы, қарапайым қызметкер бөлім басшылығына, ол мекеме басшысының орынбасарлығына, ал орынбасар зейнеткер басшысының орнын басса. Сонда, бөлім басшылығына кеткен қызметкердің орнына жаңа қызметкер келмей ме?!

Көп сөзбен мыжбай, Шымкент қаласының А.С.Пушкин атындағы кітапханаға ойыссам. Елу сегіз жасында осы қаладағы «Оқушылар сарайынан» зейнетке шығып, одан тағы бір «Өнер» мектебіне ауысып, соңы кітапхана басшысы болған, алпыс бес жасқа келсе де әлі отырған Романова жайлы ғой. Менікі «байдың асын байғұс қызғаныптының» кері емес, алтын уақытын оқумен өткізіп, дипломын орамалға орап, онысын кебежеге тығып қойған жұмыссыз жанның жайы еді.

Егер де, Романовадай басшы жоқтың қасы болса, басшысы тұрақтамайтын Шымкент қаласының Мәдениет басқармасының басшылығына қойсын да.

Бұған дейін де бұл мәселенің төңірегінде әлеуметтік желілерде шу болып, ақпараттық порталдар мен баспасөз беттерінде де талқыланған.

Одан бөлек, назарларыңызға «фейсбук» әлеуметтік желісіндегі үш-төрт қаламгердің жазбаларын ұсынсақ. Олар да жәй азаматтар емес, осы қаланың мүйізі қарағайдай, беделі басым мекемелерінің журналист, блоггерлері мен ақындары.

Ерболат АЙНАБЕКОВ:
Өткенде Шымкенттегі Қазыбек би көшесінде тұрсам, екі оқушы (әлде студент) «Аға, Пушкиннің кітапханасы қай жерде?» деп сұрады. «Пушкиннің кітапханасы бәлкім Мәскеуде, бәлкім Санкт-Петербургта. Ал бұл жерде Пушкин атындағы кітапхана бар, ол анау Қазақтелекомның арғы бетінде» деп жол көрсетіп жібердім.

Сосын ойыма осы кітапханамен байланысты ең ыстық естеліктер оралды. 2016 жыл ғой деймін, тәуелсіздік мерекесіне орай кітапхана ұжымы жас ақындарды жинап, мүшәйра өткізген. Шымкентке келіп қатысқан ең алғашқы мүшәйрам ғой, үшінші орын бұйырған. Одан кейін де кітапханамен байланысымыз үзілмеді. Сүндет Сейітов бас болып, «Шам» жас ақындар орталығының да тұсауы осы кітапханада кесілді. Сол кездегі Пушкин атындағы кітапхана Шымкенттегі рухани орда іспеттес еді. Елге келген қаламгерлер осы рухани ордаға бас сұқпай кетпейтін. Нармахан Бегалы атамызды, Хан-апамызды, марқұм Мархабат атамызды осы кітапхананың төрінен табатын едік. Мұның бәрі аға буын әдебиетшілер мен қолына енді қалам ұстап жүрген жастардың арасындағы сабақтастықтың қалыптасуына үлесін тигізген істер еді. Сол тұста кітапхананы басқарған Шәрбану Дінәсілова апайдың ерекше еңбегін айтқан болар едім.

Қазір ше? Қазір сол байланыстың бәрі үзілді. Ақындар бас сұқпайтын болды. Соңғы рет мұнда қазақтың қай ақын-жазушысымен кездесу ұйымдастырылғанынан хабарым жоқ. Осыдан бір айдай уақыт бұрын кітапхананың күрделі жөндеуден өтіп, қайта ашылғанын естіп қуанғанбыз. Алайда, қуанышымыз су сепкендей басылды. Кітапханаға директор болып нешеме жыл Оқушылар сарайын басқарған Наталья Сергеевна Романова тағайындалыпты. Сонда Шымкентте кітапхананы басқаруға 65 жастан асқан Романовадан басқа ешкімнің табылмағаны ма? Сосын әрі-беріден соң Романова кітапхана ісін жүргізе алатын адам ба деген күмәнді ой келіп тұр. Оның үстіне Қазақстанда кітапханашы мамандар азайып кетті деген нәзіктеу тақырып бар ғой. Қайтіп азаймасын, Романова сияқты тетялар зейнетке шықса да жылы орнынан жылжымай отырса… Жаңарған кітапханаға жаңа леп керек. Баяғы қазақы руханияттың ордасын қайтарыңыздар!

Қайрат КАРИБАЕВ:
Биыл қыркүйек айында Президент халыққа арнаған Жолдауында 2028 жылға дейін әйелдердің 61 жаста зейнетке шығуы сақталады деп айқан еді. Қазір екінің бірі нәзік жандылардың пенсия жасын азайту керек деп жүр. Ал үшінші мегаполисте зейнетке шықса да арттағы буынға жол бергісі келмейтіндер бар екен. Бір мысал ретінде Шымкент қаласындағы А.С.Пушкин атындағы кітапхананы келтірейн. Осыған дейін фейсбукте аталған мекеме туралы бірнеше посттарды көзім шалып қалған. Атауы орысша болғанымен (оған еш қарсылығым жоқ) кітап қоры қазақ тілді әдебиетке тола емес пе? Мекеме бір-екі жыл бұрын модернизациядан өткен. Бірақ Instagram парақшасына кірсең – орыс кітапхана секілді. Ия, айтпақшы, басшысының аты-жөні Наталья Сергеевна Романова. Өзім ол кісіні танимын, жамандығын көргенім жоқ. Дегенімен…

Кезінде оқушылар сарайын пәлен жыл басқарып, зейнет жасынан асып түссе де ол жерден кетпей, кейін Нұрсат өнер мектебінде де жұмыс істегені бар екен. Ол жақтан неге кетіп қалғанын бір Алла біледі. Бүгін енді 65 жасқа келсе де білдей кітапхананың басында отыр.

Сұрағым келіп отырғаны мынау: қазақилықтың ордасы болып табылатын оңтүстіктің миллионер қаласынан осы лауазымға лайықты, зейнетке шықпаған маман жоқ болғаны ма? Әлде Шымқалада адами ресурстардың тапшылығы пайда болған ба? Ескерте кетейін, бұл жерде ұлт туралы бір ауыз сөз айтпадым. Ойымда да жоқ.

Ақпараттың ағымы жылдам заманда сүйікті авторлардың туындыларын оқуға уақыт таппай жүреміз. Интернет пен гаджет дамыған заманда халықты кітап оқуға шақырудың өзі үлкен еңбек. Оны анықтау үшін өзіңізге «Сонғы рет қашан кітап оқыдым?» деген сұрақ қойыңыз.

Кітапхана саласында З.Бекжанова, К.Айдарбекова, Ш.Дінәсілова, З.Парымбекова сияқты өз ісін меңгерген мамандар қаламызға танымал. Барлығы дерлік зейнетке өз абыройымен шығып кетті.
Жаңа кітапханада жас ақындар, атақты жазушылармен күнара кездесулер өткізіп жатса оқырман да көбейеді ғой. Әлде Наталья апамның Қазақстан Халықтар Ассамблеясының славян этномәдени бірлестігінің жұмыстарынан қолы тимей жүр ме?

Бауыржан ЕРМАН:
Шымкентте біршама уақыт бұрын қайта жөндеуден өткізілген, кітап қоры өте бай Пушкин кітапханасы бар. Ондағы барлық қызметкерлер келушілердің игілігі үшін қызмет атқарады десем, өтірік айтқаным болмас. Білуімше сол кітапхананы бұрындары бірнеше жыл бойы оқушылар сарайының тізгінін ұстаған 65 жастағы Наталья Сергеевна есімді апамыз басқарады екен. Одан бөлек, Қазақстан Халықтар Ассамблеясының славян этномәдени бірлестігінде де жұмыстары бар көрінеді. Мұның алдында зейнет жасында жүріп, Нұрсат өнер мектебінде де қызмет етіпті.

(Бірден айтайын, бұрын-соңды ол кісінің оғаш қылығы не әрекеті жайында естімегенмін! Және де ол кісінің өзге этнос өкілі болғаны үшін қызметін қызғанып отырғаным жоқ!)

Естеріңізде болса, Президент соңғы Жолдауында әйелдердің 61 жаста зейнетке шығуы 2028 жылға дейін сақталады деген тұғын. Осы есіме түсті де, басыма «Бұл апам неге орнын босатпайды? Жастарға жол бергені өзіне де абырой емес пе?» деген ойлар келді. Әлде миллион халқы бар мегаполисте бұл орынға лайық бір маман табылмай жатыр ма? Немесе басқа кедергілер (КЕДЕРГІЛЕР) бар ма екен?

Дәурен АЙМАНБЕТ:
Әлеуметтік желіде зейнеткер басшы жайында бір-екі жазба оқып қалдым. Оны баяғыдан айтып келем ғой. 1957 жылғы Романова ханымды аямайтын неткен жанбыз осы?! Неге босатпайды Наталья апамызды?.. Бейнетін еткен кісі зейнетін көріп, ел-жер аралап, немерелерін қыдыртып, рақатына өмір сүрсе-ші. Жоооқ, құлап қалады ол апамсыз кітапханамыз.

Шығармашылық тұңғыш кешім сол, әңгіме боп жатқан А.С. Пушкин атындағы кітапханада өтіп еді. «Сары жапырақ — сарғайған жүрек» атты шағын кітап шығарып берген. Сол кездегі басшылық пен ұжым қатты ұнайтын еді. Бүкіл жас ақын-жазушы біткеннің «мамасы» Шәрбану апайымыз басшылықта еді. Аптасына екі-үш мәрте бас сұғатын қастерлі орнымызтұғын. Бүгінде бұл кітапхана модернизациядан өтіп, көз жауын аларлықтай ажары алыстан менмұндалайды. Апайымыз зейнетке шыққаннан соң, шыны керек, бас сұқпайтын болдық аталмыш шаңыраққа. Бізді де іздемейтін боп алды. Сол кітапхананың бар-жоғы да білінбейді ше.

Айтайын дегенім, біраз уақыт бұрын Наталья апамды қинамай, сіңірген еңбегін бағалап, зейнетке жіберуін сұрап, біраз пост жазған едім. Бүгін соны қайта қозғадым, ал. Себебі, апама жаным қатты ашыды. Бұлай қинайтындай, кітапсүйер оқырман қауымына не жазды сонша?! Орнын баса алатын басқа жанның болмауы күлкілі ғой. Алпыс бестегі апаға обал емес пе, ағайын?..

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.