Шымкент қаласының тұрғын үй қорын жаңарту-жақсарту, тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңа үй салу реновациялау және қайта жаңғырту (модернизация) бағдарламасы бойынша арнайы баспасөз-туры ұйымдастырылды.

Жаңа бағдарлама тозығы жеткен ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр.

Қазіргі уақытта бұл мақсатта арнайы штаб құрылған. Биыл реновация бағдарламасы бойынша тұрғын үй иелері келісім берген жағдайда 6 тұрғын үйді бұзуға ұсынылу жоспарлануда.

Қазіргі таңда тұрғындарға бағдарлама шарттары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстар атқарылуда. Авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу – меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.

Бағдарламаға қатысу үшін жеке инвесторлар тұрғын-жай меншік иелерінің келісімін алып, «Shymkent» ӘКК» АҚ- мен келісімшарт жасасады. «Shymkent» ӘКК» АҚ өкілі Бақтияр Шабданов инвесторға және тұрғындарға бағдарламаның шарттарын түсіндіріп берді.

Атап айтқанда, Елшібек батыр көшесі, 91 үйдің тұрғындары бағдарламаға қатысуға келісімін беріп отыр. Инвестор тозығы жеткен үйдің орнына 9 қабатты зәулім үй салуды жоспарлауда. Осы ретте акционерлік қоғам инвестордың ұсыныстарын қарап, құжаттарын зерделеуден өткізуде. Тиісті келісімдер жасалғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.

Сондай-ақ, биыл 40 көп қабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылмақ.

Айта кететін жайт, тұрғын үйлердің егелеріне Авариялық және тозығы жеткен үйдің орнына салынып жатқан нысаннан қолданыстағы баспанасының көлеміне сай жаңа пәтерлер бөлінеді. Сондай-ақ, қосымша ақы төлеген жағдайда тұрғындарға пәтерін кеңейтуге мүмкіндік берілген.

Жалпы биылғы жылы Шымкент қаласында 40 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтпек және коммуналдық меншіктегі 20 тұрғын үйге қайтарымсыз негізде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Былтыр қаладағы 60 үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өткен болса, құрылыс барысында тұрғын үйлердің шатыры ауыстырылып, кіреберісі мен жертөлелері, қасбеттері жаңартылды. Жөндеу жұмыстары тұрғын үй иелерінің 70 пайыз келісімімен жергілікті атқарушы органдарына жазған өтінішіне сәйкес қайтарымды қаржы негізінде жүргізілген.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.