Соңғы кездері президент тағына үміткерлердің арасында журналист, шоумен, әртістер де пайда бола бастады. Кешегі Украинада болған сайлауда тақта отырған миллиардер, президент Порошенконы шоумен Зеленский деген жас жігіт 73 пайыз халық дауысын жинап, тақтан тайдырып тастады. Бір кездері АҚШ-ын да белгілі әртіс, радиожүргізушісі Рональд Уилсон Рейган президент болғанын жақсы білеміз. Соған қарағанда қоғам да, заман да өзгеріп жатқандай.

Журналист президент бола ала ма? деген ой кеше ғана аяқталған сайлаудан кейін мазалағаны рас. Екі журналист Әміржан Қосанов пен Сәдібек Түгел сайлау додасына қосылып кеткен екен. Сайлаушылардың көп дауысын алып, президент болып кетуі мүмкін еді. Жолы болмады. Бірақ билікпен тайталасқан осы журналист командасы болды.

Президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев бала кезінде журналист болсам деп армандаған екен. Басқа мамандық таңдап кеткеніне өкінетін де сияқты. Зейнеткерлікке шыққанда кітап жазамын деп уәде етіпті. Арманы орындалсын дейік. Журналист арманы бар адам президент болды деп есептейік.

Алтынбек Сәрсенбайұлы

Қазақстан билігінде мамандығы журналист әріптестердің саясатпен айналысып, ел мен қоғамның дамуына ат салысқан әріптестеріміз аз емес. Солардың бірі мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист Алтынбек Сәрсенбайұлы
1985 жылы журналистика мамандығы бойынша М.С. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тамамдаған. Қазақ телеграф агеттігінде, «Арай-Заря» журналының редакторы, «Өркен-Горизонт» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарады. 1993 жылдан бастап он жыл бойы баспа, ақпарат және мәдениет саласының мемлекеттік органдарын басқарды. 
ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы — ҚР Президентінің Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі. Ресей Федерациясындағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. 
2003 жылдан А.Сәрсенбайұлы өз еркімен Президентке отставкаға шығуға арыз беріп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысты. «Ақ жол» Демократиялық партиясының ІІІ съезінде бірауыздан тең төраға етіп сайланды. Алтынбек Сәрсенбайұлы — бірнеше кітаптар мен монографиялар авторы, саяси ғылымдар докторы.
Оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынды 2006 жылы ақпан айында ұрлап әкетіліп, оққа ұшты. Үшеуінің мәйіті екі күннен кейін, Алматы іргесіндегі тау бөктерінен табылған болатын.
Елімізде дүрбелең тудырған қылмысқа қатысты жүргізілген тергеу амалдары мен сот процесін қоғам тарапынан жіті бақыланды. Қастандықты «кек алу мақсатымен» ұйымдастырушы деп танылғандардың бірі — ҚР Сенат аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев болды. Саясаткерді ұрлап, серіктерімен атып өлтірген ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы офицерлері болып шықты. Кейіннен бұл қылмысқа Рахат Әлиевтің де қатысы бары анықталды.

Мұхтар Құл-Мухаммед

Тағы да бір биліктің төрінде жүрген журналист таяуда ғана Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс комитетінің басшысы болған – Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Мұхтар Құл-Мұхаммед Абрарұлы С.М. Киров
атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Журналист, заң ғылымдарының докторы, профессор. 
ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, ҚР Президентінің Кеңесшісі, баспасөз хатшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қызылорда облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

Дархан Мыңбай

Бүгінгі таңда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып отырған Дархан Қамзабекұлы Мыңбай М.В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген тұлға. Техника ғылымдарының кандидаты (геоэкология). Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі. 
Журналистика саласында еңбек жолын ҚазТАГ редакторы, аға редакторы, аға бақылаушы әдеби редакторы болып бастап, «Өркениет-Горизонт» республикалық газеттерінің бас редакторы, «Қазақстан теледидары және радиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті болып істеген. 
Дархан Қамзабекұлы біраз жыл саяси қызметін әкімшілік жүйеге арнаған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. Одан соң лауазымы сатылап өскен. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі, ҚР Президентінің Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі, ал 2018 жылдан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 
«Құрмет» , «Парасат» ордендерінің иегері екен.

Бағлан Асаубайұлы

ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары болып, ойда жоқта қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотты болған Бағлан Асаубайұлы Майлыбаев та Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген, мамандығы – журналист еді. 
Ресей Федерациясы президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясының саясаттану және саяси басқару кафедрасының аспирантурасын аяқтаған, заң ғылымдарының докторы, саяси ғылымдар кандидаты деген атақтары болды. 
Ол Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің БАҚ департаментін басқарды. «Казахстанская правда» республикалық газеті» ААҚ, «Заң» акционерлік компаниясын басқарды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы болды, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі сынды лауазымдар атқарды. ҚР Президенті баспасөз қызметінің басшысы болып тағайындалды.
Бірқатар монография, отандық және шетелдік БАҚ-та жарияланған ғылыми және публицистикалық мақалалардың авторы. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген санаулы журналистердің бірі болды.

Бауыржан Жұмаханұлы

Қазіргі ҚР Президентінің Кеңесшісі Омаров Бауыржан Жұмаханұлы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін бітірген тұлға. Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. 
Журналистика саласындағы қызметін атап айтар болсақ, ең беделді басылымның бірі «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетінде көп жыл тәжірибе жинақтап, «Литер-Media» ЖШС атқарушы директоры, «Астана хабары» газеті бас редакторының бірінші орынбасары. «Айқын» газетінің бас редакторы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры сынды лауазымдар атқарғанын әріптес ретінде мақтанышпен еске алуға болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитет төрағасы, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары болды. 
«Парасат» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және басқа да медальдармен, марапатталған.

Ғалымжан Мелдешов

С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика факультетін тәмамдаған, мамандығы – журналист Ғалымжан Мелдешов таяуда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы болып тағайындалды
Қаламдас, әріптес Ғ.Мелдешов ұзақ жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдарында абыройлы жұмыс істеп келді. «Түркістан» халықаралық газетінде, «Қазақстан» РТРК» АҚ, «Маңғыстау Медиа» ЖШС-де басшылық қызметтерінде болған.
Өзінің қоғамдағы азаматтық белсенділігін танытып жүрген «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарының бас редакторы әрі құрылтайшысы – Жарылқап Қалыбай да ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген белгілі тұлға. Кезектен тыс ҚР Президентін сайлауға президенттіктен үміткер ретінде тіркелген БАҚ өкілдерінің бірі болды.

Әміржан Қосанов

«Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысының мүшесі, кеше ғана президенттікке кандидат ретінде тіркеліп, үміткер ретінде сайлауға қатысқан. ҚазМУ журналистика факультетін бітірген. Әміржан Қосанов та «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі болып істепті. 
ҚР Жастар істері, туризм және спорт министрінің орынбасары, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы – Министрлер Кабинеті баспасөз қызметінің жетекшісі сынды лауазымдар атқарғаны белгілі.

Сәдібек Түгел

Президентке үміткер болған Сәдібек Түгел де 1980 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген болып шықты. 
Ұлан аудандық «Расцвет» – «Өркен» газетінде аудармашы, «Ұлан таңы» – «Уланские зори» газетінің редакторы қызметтерін атқарыпты. 
«Қазақ Телевидениесі мен Радиосы» Корпорациясында жауапты қызметтерінде болып, Елордамыз – Астана қаласының баспасөз хатшысы, баспасөз орталығының жетекшісі, Астана Халықаралық баспасөз орталығының бас директоры міндетін атқарған. ҚР Парламенті Сенатының бұқаралық ақпаратпен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етіпті. «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!» деректі повесінің, «Асыл жиреннің киесі» әңгімелер жинағының авторы екен.

Қазақ билігінде саясатқа араласып, президент болуға үміткер болған журналистердің ішінде жеңіске жеткен саяси тұлға болмай тұр. Соңғы жылдары сайлауда үш журналистің президент боламын деп үміткерлер қатарында болуы ол да абырой, мақтаныш. Дегенмен болашақта Қазақстанды мамандығы журналист тұлғаның басқарып жатса оған таңданбайтын болдық. 
Қазақстаннан басқа елдерде биліктің басында қолына қалам ұстаған саяси тұлғалар болғандығы тарихтан белгілі.

Советтер Одағы Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң Саяси бюросына кандидат Өзбекстан коммунистiк Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы, Социалистiк Еңбек Ерi атағын екi мәрте алған мемлекет және қоғам қайраткерi Шараф Рашидовтың мамандығы филолог-журналист болатын. Соғыс басталар тұста ол Самарқанд облысында «Ленин жолы» («Ленинский путь») газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметін атқарыпты. Осы басылымның бас редакторы да болыпты. Одан соң соғыс жылдары «Қызыл Өзбекстан» («Красный Узбекистан») басылымында жауапты хатшы редакторының орынбасары лауазымын атқарған. Сондай-ақ Өзбекстан жазушылар Одағының төрағасы да болып та сайланады.
«Майын тамызып сөйлейтiн шешендiгi, қиыннан қиыстырар тапқырлығы мен ұтқырлығы ерекше болатын. Шынында да, Шараф Рашидов тағдырдың Өзбек халқына тартқан үлкен сыйы, ерекше құбылыс едi… «Үлкен парасаттылық, көрегендiлiк, мейiрiмдiлiк сияқты дана адамға ғана тән асыл қасиеттердi жаратылыс бiр басына үйiп-төгiп бере салған мұндай тектi, қасиеттi жанды кiм ұмытар?» деген болатын қазасына көңіл айтып барған ұлы тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.

Никол Пашинян

Ереван мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін аяқтаған мамандығы журналист 43 жастағы азамат Никол Пашинян Арменияның Үкімет басына келген күрескер саяси тұлға.
Ол да саясатқа келмей тұрып «Дпрутюн»Оқулық»), «Лрагир» («Хабарлар»), «Лрагир ор» (Бүгінгі күн хабарлары»), «Молорак» («Жаһан») газеттерінде тілшілік қызметтер атқарған. .
Саяси көзқарасы үшін оқудан қуылған Никол алған бетінен қайтпайды, баспасөз саласындағы күрескерлік жолын жалғастыра береді. 1998 жылы ол оппозициялық «Орагир» («Күнделік») газетінің бас редакторы әрі құрылтайшысы болады. Сөйтіп Армениядағы ең танымал оппозицияшыл журналистке айналып, түрлі жала, айыптауларға ұшырап, үстінен қылмыстық істер де қозғалады. 
Билік Серж Саргсян Пашинянның газетін жаптырып, өзін бір жылға бас бостандығынан айырады, жалған ақпар таратты деп айыппұл салады. «Орагир» жабылады, алайда, Никол күнделікті жарық көретін жаңа басылым – «Айкакан жаманак» («Армян уақыты») газетін шығарады. Газетті 2012 жылға дейін шығарып, кейін бас редакторлық қызметін әйелі Анна Акопянға береді.
2004 жылы 22 қарашада Никол Пашинянның автокөлігі Ереван қаласының қақ ортасында, «Айкакан жаманак» газетінің редакциясы орналасқан жердегі автокөліктер тұрағында тұрған жерінде отқа оранады. Аллаһ сақтап, Никол қастандықтан аман қалады. 
2018 жылы 8 мамырда Армения парламенті Никол Пашинянді елдің премьер-министрі етіп сайлады. Пашиняннің кандидатурасын парламентте «Елк» фракциясы ұсынды. Сөйтіп ол саяси күрес жолында өзіне үнемі қарсы тұрып келген, билікті пайдаланып қысастық жасаған, түрмеге жапқан, істі қылған Серж Саргсянды тағынан тайдырады. 
Саяси билікте жүрген журналист ағайындардың абыройы артып, қарапайым халыққа қызмет етеді деген сенімдеміз.

Балтабек Түйетаев

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.