Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясы өтті. Жиында негізінен Шымкент қаласының жаңа Бас жоспары талқыланып, ол бойынша шешім қабылданды.
Алдымен қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Жүнісбеков атқарылған жұмыстарды баяндады. Қаланың жаңа бас жоспарын дайындауда екі жыл бойы жұмыстар жүргізілген. 2035 жылға қарай қала халқы 1 млн 800 мың адамға жетеді деген жоспар бар. Бас жоспардағы негізгі басымдық – тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру.
Сессия барысында депутаттар қаланың жол-көлік логистикасын дамыту, ғылыми-өндірістік орталықтарға арнайы жер бөлу, көгалдандыру мәселелерін талқылап, сауалдарын қойды. Депутаттар Шымкент қаласының жаңа бас жоспарын мақұлдап, дауыс берді.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов шаһардың алдағы дамуы Бас жоспарға тікелей байланысты екенін айтты.
– Қаланың болашағын айқындайтын маңызды құжатты дайындауда көптеген талқылаулар болды. Тұрақты комиссияларда қарадық. Жол, логистика, кәріз жүйесі, инфрақұрылыммен қамту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. Бүгін депутаттармен бірлесе мақұлдадық. 2035 жылдарға қарай қала халқы 2 млн-ға жуықтайды. Соған қазірден бастап дайындалу керек, – деді қала мәслихатының төрағасы.
Бас жоспар енді Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданады. Үкіметтің арнайы қаулысы шыққан соң, құжат қабылданады.
Айта кетейік, қаланың Бас жоспарын әзірлеуде тұрғын үй қорының жағдайы, халықтың орналасу тығыздығы, әлеуметтік-мәдени нысандардың орналасуы және басқа бағыттар бойынша талдау жүргізілген. Жобаны әзірлеуде инфрақұрылым нысандарының тұрғындар үшін барынша қолжетімділігі ескерілген.
«Шымкент келбеті».
Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.