Танымал, өңірімізге белгілі жазушы-журналист Шойбек Орынбайдың «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» романының желісі бойынша түсірілген «Төле би» фильмі «Хабар» телеарнасынан тамашалуға болады.

12121

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген телехикая 10 сериядан тұрады. Әр сериясы 30 минуттан. «САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» мекемесі бірлесіп түсірген «Төле би» телехикаясы өзінің тарихи салмағымен, қызықты оқиғаларымен, шебер сценариімен көрермен жүрегіне жол тауып, бойдағы отаншылдық рухты оятып отыр.

Фильмде ұлы бабамыз Төле бидің балалық шағынан бастап исі қазаққа Төле би атанған қарт кезіне дейінгі өмірі баяндалады. Сондай-ақ, данагөй бидің Тәуке хан, Қазыбек би, Әйтеке би, Бөгенбай, Қабанбай секілді тарихи тұлғалармен бірге елдік мәселелерді шешкен сәттері де кинода көрсетіледі.

Киноның тұсаукесерінде қысқартылған нұсқасы түркістандықтардың назарына ұсынылды. Туындының көркемдік жетекшісі, көрнекті режиссер Сатыбалды Нарымбетов осы фильмге қатысқанын мақтан тұтатынын жеткізсе, Төле би туралы кітаптың авторы, жазушы Шойбек Орынбай өз романының экранға сәтті шыққанына қуанышты екенін, сенімі ақталғанын айтып отыр.

Фильм режиссері Батырхан Дәуренбеков «Сериал арқылы Төле би бабамыздың тек шешен ғана емес, жас кезінде ел үшін қолына найза алған батыр болғанын, кейін үлкен саясаткерге айналғанын, «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығаруға атсалысқан тұлға екенін көрсете білдік. Қолдау білдірген Түркістан облысы әкімдігіне рахмет. Біз енді тарихи фильм түсіруден қорықпаймыз», деді.

Сәтін салса,бұл ұжым енді Қ.А. Ясауи туралы кино түсірмек. Салтанатты жиын соңында фильмге атсалысқан азаматтарға Алғыс хаттар тапсырылды.

Сондай-ақ, «Хабар» телеарнасы 10 бөлімнен тұратын телехикаяны елорданың туған күні қарсаңында жұма мен сенбі аралығында 21-30-да көрермен назарына ұсынуды жөн санап отыр. Көріп, тамашалаңыздар!

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.