Шымкент қаласының қоғамдық кеңес мүшесі болған Диана Мирсиеваның facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасын оқып, кеңес мүшелігінен ол өз өтініші бойынша босап кеткенін естідік. Жазбадан соң әр түрлі қоғамдық пікір туып жатқаны да жасырын емес. Осы әлеуметтік желідегі ол айтқан мән-жайлардың қаншалықты шындыққа жанасатынын білу үшін Шымкент қаласының қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбайды арнайы іздеп барып, сұхбат алуымызға тура келді.

– Нұрғазы Бақтыбайұлы, әлеуметтік желіде Диана Мирсиеваның қоғамдық кеңес мүшелігінен шығу туралы берген өтініші бойынша нақты не айтасыз?

– Мен шынын айтқанда, Диана Мирсиеваның кеңес мүшелігінен шығуы туралы өтінішін сол әлеуметтік желідегі өз жазбасынан көрдім. Бұл өз еркімен кету жөніндегі өтінішінен қоғамдық кеңестің мүшелерінің барлығы хабарсыз болған. Оны ешкім мүшеліктен босатпаған. Егерде ол өзінің мүшеліктен шығуы туралы жағдайын төраға ретінде маған ескертсе, түсіністікпен қарап, мәселені біржақты шешуге болар еді. Өзіңіз айтыңызшы, өз постында жазған өмірбаянына қарап, «білімді», «ақылды», «қоғамның белсенді мүшесі» осындай іс-әрекетке бара ма? Себебі, қоғам белсендісі өзгелерге қыр көрсетіп, қыңыр мінез танытып, ұялы телефонын көтермей, тәкәппарлық пен менмендікке салынбайды ғой. Мәселен, осы мән-жайды білгісі келген Шымкент қаласы қоғамдық кеңес хатшысының қоңырауларына жауап бермеген қылығын қандай адамгершілік әдепке жатқызуға болады? Ол жазған постына 90-ға жуық адамды тегтеп, өзін-өзі жарнамалап, жарияға жар салуы ешқандай ақылға қонбайтын тірлік. Ал бұған дейін жариялаған жазбаларында мүлдем ешкімді тегтемегенін арнайы көрдім. Осыдан-ақ оның қандай мақсат көздегенін айқын білуге болады. Жазған жазбаларында ешқандай қоғамға пайдалы дерек пен дәйек жоқ. Құр бос байбалам ғана.
Қоғамдық кеңесте белсенді жұмыс атқардым дей тұра бірде-бір әріптесіне кетіп жатқанын айтпай әлеуметтік желіде дабыра көтергені ұят емес пе?

Диана Мирсиеваның әңгімесіне қарағанда, өзін кейбір сыртқы ықпалды күштердің «құрбаны» болғандай суреттеген. Бұған «жездем де, апам да аң-таң» дегендей, мен де таңданып отырмын.

– Әлеуметтік желіні шулатып, қоғамдық пікір туғызып жатқан жағдайын қалай түсіндіресіз?

– Менің пікірім бойынша Диана Мирсиева кеңес мүшелігінен кету арқылы айналасына теріс қоғамдық пікір туғызып, өзін қоғамда «құрбан» болған жандардың қатарына қосып, хайп жасап, өз өмірін ерекше жарнамалаудың үлгісін жасамақ болғандай. Жасыратыны жоқ, қазір біздің қоғамда осындай адамдардың қатары көбейіп барады. Олар жеке мүддесі мен бас пайдасын ойлап, түймедейді түйедей етіп көрсетіп, «батыр тұлғалардың» образын сомдаумен жүр.

– Нұрғазы Бақтыбайұлы, сіз өзіңіздің жеке пікіріңізді айтып жатырсыз. Ал қоғамдың кеңес мүшелерінің Диана Мирсиева туралы ой-пікірлері бәлкім мүлде басқа шығар?

– Әлеуметтік желідегі Диана Мирсиеваның постына байланысты қоғамдық кеңестің whatsapp-тағы ортақ чатында кеңес мүшелерінің ой-пікірлерін білдім. Чатқа жазғандар оның бұл іс-әрекетін, жазбадағы ойларын қолдаған жоқ. Және де Мирсиеваның айқай-шу жасап, пост жазуы орынсыз деп айтқандар да болды. Бұл пікірлерді Диана оқыса да мән бермеген сыңай танытып, чаттан шығып кетті.

– Нұрғазы Бақтыбайұлы, қоғамдық кеңестен қоғамдық пікір туғызып кеткен Диана Мирсиева көкейкесті мәселелер көтерді ме?

– Шымкент қаласының қоғамдық кеңесі қаланың әлеуметтік, экономикалық, саяси өміріне тереңінен араласып, тұрғындардың жағдайын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп жатыр. Кеңес мүшелері осы бастамалардың ұйытқысы, ұйымдастырушысы болып жүр.
Диана Мирсиева ұсыныс пен пікірлерін айтып, маңызды мәселелер көтерді десем, ұят болады. «Көтере алмайтын шоқпарды, белге байлама» демекші, осы жағдайды түсініп, өз өтініші бойынша қоғамдық жұмыстан кеткісі келген де болар. Қазақта: «Атын шықпаса жер өрте» демекші, қазір сөз бостандығына еркіндік берген заманда, жарияға жар салып кету «модаға» айналғандай.

– Нұрғазы Бақтыбайұлы, қоғамдық кеңес мүшелері теріс қылықтарға жол берсе, нақты шешім қабылдайтын қадамдар бола ма?

– Адам ар-ождан туралы айту үшін, сол адамның өзінде ар-намыс, ұят болу қажет. Сондықтан кеңес мүшелері мұндай жағдайларды алдағы уақытта талқылап, жауапкершілікпен қарайтын боламыз. Өз әріптестерін сыйламайтын, қоғамда өз орнын алатын, қоғамдық кеңесті құрметтемейтіндер арамыздан аластатылады.
Нақты айтар болсам, қоғамдық кеңестің мүшелігіне қалаған уақытымда кіріп-шығып кете беремін дейтін Диана Мирсиева сияқты өзбілермендік іс-әрекетке баратындарды қатаң тәртіпке шақырамыз. Бұл оқиға аяқсыз қалмайды. Бұл пікіріме қоғамдық кеңестің мүшелері де толық қосылады деген ойдамын.

Балтабек Түйетаев

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.