Түркістан қалалық полиция саласында халыққа қалтқысыз қызмет етіп, кеудесін оққа тосқан Оспанғазы Жанқожаевтың ерен ерлігі бүгінгі ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. Қызмет барысында нағыз қаhармандықтың үлгісін көрсеткен қас батыр өзінің өлім аузынан қалай аман қалғанын  баяндап берді. 

Таяуда ғана ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атты байқауға қатысып, жеңімпаз атанып, «Құрметті азамат» атағын иеленіпті.  Барлық құрметке лайық кейіпкеріміз өз әңгімесін былайша сабақтады.

«Мен 1958 жылдың 28 қазанында Жамбыл облысы Жуалы ауданы Биліккөл совхозында дүние есігін аштым. 1965 жылы Билікөл совхозындағы Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1975 жылы аталған білім ордасын бітіріп шықтым.

Аттестатымды қолға алған соң, туған ауылымдағы совхозда екі жылдай жұмысшы болып еңбек еттім. Одан кейін 1977-1979 жылдары Германиядағы Мерзебург қаласында орналасқан Кеңес Үкіметі қарулы күштері сапында әскери борышымды өтеп, елге аман-есен оралдым. Әскерден кейін еңбек жолым Тараз және Шымкент қаласындағы фосфор зауыттарында жалғасын тапты. 1986 жылы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық партия бөлімінің жолдамасымен қаладағы Дзержинский ведомсвадан тыс күзет бөліміне қатардағы милиционер болып орналастым. Осылайша ішкі істер саласындағы алғашқы еңбек жолым басталды», – дейді Оспанғазы Балақожаұлы.

Ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын ол ұжым арасында өзінің іскерлігімен бірден көзге түседі. Бұған қоса батыр полицей оққа ұшқан күнін еске алды. 

“Қызмет барысында уақытпен санаспай, нұсқауды орындау – басты міндетіміз. Бұл жолы Шымкент қаласындағы Советская-Баумана көшесінде орналасқан көлікжайдан көліктер ұрланып жатыр деген шұғыл хабар жетті. Кезекші бөлімнің нұсқауы бойынша оперативтік топпен дереу оқиға орнынан табылдық. Біз келсек әккі қылмыскерлер, гараж есіктерін тас-талқан етіп, екі көлікті сыртқа шығарып қойыпты. Біз үшіншісін оталдырып жатқанының үстінен түстік. Есікті ішінен кілттеп алған олар бізді көрісімен қаша жөнелді. Әріптесім учаскелік инспектор А.Оразбахов екеуміз артынан қудық. Қалайда қолға түсіруіміз керек деп шештік. Қылмыскердің біріне жете бергенім сол еді, шолақ мылтықпен атып жіберді. Әуелгіде біліне қоймағанымен, кейін көзім қарауытып, талып қалыппын. Ұзақ уақыт аурухана төсегіне таңылуға тура келді. Бір емес бірнеше ауыр операциялар жасалды. Осы сәтте бүкіл өмірім көз алдымнан өте шықты”, – дейді полицей. 

Қызметте жүргенде өзің үшін емес, үйдегі балаларың үшін алаңдайсың деген ол денесіне тиген 18 оқтың бесеуі сол күйі алынбай қалып қойғанын жасырмады. 

«Соғыста соғыс ерлерше,

Жан қалмасын, ар қалсын,

Өлердегі күшіңе, 

Өлтіруші таң қалсын, – деп даңқты жауынгер Бауыржан Момышұлы айтпақшы өліммен бетпе-бет келуге қорықпайсың. Тек бұғанасы бекімеген балаларыңның болашағына алаңдайсың. Ең бірінші көз алдыма емізулі күйдегі екінші қызым келді. «Олардың жайы не болмақ?» деген ой ғана санамды сан саққа жүгіртті. Алланың қолдауымен айығып, өмірге қайта келгендей болдым. Бірақ денеме тиген 18 оқтың 5-і алынбай, сол күйі іште қалды», – дейді өлім аузынан аман қалған ол.

Оспанғазы Жанқожаев жұмысты ешқандай да атақ-даңқ, сый құрмет үшін істемейтінін, тек өзіне артылған міндетті мінсіз атқаруды ғана көздейтіндігін тілге тиек етті әңгіме барысында. 

Оспанғазы Балақожаұлының еңбегі ел алдында еленді. Ол араға бес жыл салып, алғашқылардың бірі болып «Ерлігі үшін» медалін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алды.

Қызмет жолында  қарсы тұрып мылтығын кезеген қылмыскерлер керісінше оның жігерін одан әрі жани түсті.

«Мамандыққа деген адалдық, еңбекке деген құштарлық мені әлі күнге дейін зор ықыласпен тынымсыз жұмыс істетіп келеді. Ауыр жарақаттан кейін 1992 жылы ведомствадан тыс Күзет басқармасының кадр бөліміне инспектр, аға инспектор, сосын ерекше тапсырмалар бойынша бас маман, кадр бөлімі бастығының орынбасары, кадр бөлімінің бастығы сынды қызметтерді жоғары деңгейде атқардым. 2006 жылы ОҚО Түркістан ІІБ бастығының орынбасары болсам, 2009 жылы Сайрам АІІБ-нің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімді басқардым. Осындай қызметтік сатылардан өте отырып, облыстық көші-қон бастығының орынбасары қызметін атқарып, 2012 жылы зейнет демалысына шықтым», – дейді тәжірибелі маман.

Оспанғазы ағаның елі үшін еткен зор еңбегі үнемі өз бағасын алып келеді. Аудандық, қалалық, облыстық, бөлім және республикалық басқармалардың алғыс хат, грамота, мақтау қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ, «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін», Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», Шымкент қалалық әкімдігінің атынан «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Ерлігі үшін», «Қазақстан полициясына 25 жыл» , «Мінсіз қызметі үшін», «ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері» медальдарымен марапатталып, абырой биігінен көрініп жүр. 

Бүгінде пайғамбар жасына ту қадаған Оспанғазы Балақожаұлы Түркістан қаласы полиция басқармасы абыройын көтеруде.

Полиция полковнигі Оспанғазы Жанқожаев өмірлік серігі Мариям жеңгей екеуі 2 қыз бен 1 ұлды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырған өнегелі отбасының отағасы.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлы Абылайхан әкесінің ізін жалғап, Шымкент қаласы Полиция департаменті Көші-қон полиция басқармасының инспекторы полиция капитаны қызметін атқаруда. 

“2010-2014 жылдары Қарағанды Заң академиясын бітіріп шықтым. Еңбек жолымды Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция басқармасында тергеуші қызметінен бастадым. Әке тәлімімен ішкі істер саласында еңбек етудің жауапкершілігі зор екенін ә деген бетте-ақ сезіндім деп айта аламын. Содан болар өз ісіме мұқияттылықпен қарауды дағдыға айналдырдым. Араға аз уақыт салып, аға тергеуші, 2020 жылдың шілдесінен бастап Шымкент қаласы Полиция департаменті Көші-қон басқармасының инспекторы лауазымына ие болдым”, – дейді әкесінің жолын жалғаған полицей. 

Полиция династиясын жалғаған Абылайхан қызмет барысында елі үшін ешеңеден аянбау қажеттігін айтады. Болашақта өз балалары да ішкі істер саласын таңдап жатса, оларды тек қана қолдаймын дейді ол. 

Қоғам тыныштығы осындай қайратты азаматтардың қолында тұрған кезде егемендігіміздің мәңгі, еліміздің ертеңі жарқын екеніне зор сеніммен қарайсың…

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауы аясында және ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бастамасымен «Мен және менің полицейім» акциясы бойынша Түркістан қаласының полицейлері қала орталығының оқушылары үшін қызықты экскурсия ұйымдастырды.

Оқушыларды қалалық полиция қызметкерлері қарсы алып, полиция қызметі туралы айтып берді.Бірінші кезекте балаларға жедел басқару орталығы көрсетілді, онда көшелердің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қадағалау бойынша тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Оқушыларға полицейлер нақты уақыт режимінде көшелер мен жолдардағы жағдайды бейнекамералардың көмегімен қалай бақылап отырғанын, жедел міндеттерді шешу үшін полиция нарядтарын қалай басқаратынын және қылмыстарды «ізін суытпай» ашатынын айтты.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары оқушыларға бейнебақылау камераларын «басқару тетігі» арқылы басқару мен бейнекамералардың қаншалықты деңгейде ЖБО-ға қосылғанын, күнделікті оқушылардың өзі оқитын мектептерін полицейлер камера арқылы бақылап отыратын шынайы көрді. Тіпті таңданыстарын жасырмай, сұрақтарын қарша жаудырды. Өз кезегінде Түркістан қаласы полицейлері полициядағы жұмысқа, құқық бұзушылықтардың қалай анықталатынына және қызметтің перспективаларына қатысты көптеген сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар оқушыларға полицей мамандығының қыр-сырын айтып, өз жұмысының қызықты жағдайларымен бөлісті. «Балалар сендерге ата-аналарың мен мына еліміз үлкен үміт артып отыр. Себебі жасалып жатқан жағдайдың барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін. Сендер тәртіпті болып, сабақты жақсы оқысаңдар келешекте нағыз майталман маман боласыңдар. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демекші, қажетті білім алсаңдар, сендердің арман мақсаттарың да тез орындалады. Полицей болу үшін де бірінші кезекте өзіңді тәрбиелеуің керек. Жан-жағыңа, достарыңа үлгі-өнеге болып, әрқашан достыққа адал, ұқыпты да шыншыл болуларың қажет. Полиция сендердің тыныш ұйқыларың үшін күндіз-түні қызметте!», — деді Түркістан қаласының бас полицейі.

Бұдан әрі полиция қызметкерлері оқушыларға мобильді байланыс кешенінің жұмысын көрсетті, «рухани Астананың» көрікті жерлерін аралайтын тұрғындар мен туристерге жедел түрде байланысқа шығу үшін жасалған 102 пультіне қоңырау шалып, көмек шақыруға көмектесетін ең белсенді жерлерде орналасқан «SOS кнопкасын» көрді. Батырма арқылы полицейлермен байланысқа шығып, ерекше әсер алды. Сондай-ақ оқушылар мобильді стационарлық полиция бекетіне және Түркістан қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына барды. Себебі балалардың арасында арнайы есепке қойылған жоғары сынып оқушылары да бар. Ер балаларға УҰИ-да қылмыс жасаған азаматтардың отыратын орны көрсетіліп, полицейлердің түсіндірмелері тыңдалды. Соңында оқушылар экскурсияның танымды болғанын және қиын әрі өте маңызды мамандыққа жаңаша қарауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Түркістан облысындағы Ақжайық музыкалық мектебінің залында Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Бауыржан Жанаевтың ұйымдастыруымен ауқымы кең, тәлім-тағылымы зор іс-шара өткізілді. Жиынға полиция подполковнигі Б. Жанаев пен жеке құрам қызметкерлері, Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының мүшелері қатысты. Кеңес отырысын Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов жүргізді.

Мұндағы негізгі мақсат – үлкенге құрмет көрсету, ардагерлер арқылы ұлттық құндылықтарымызды жастар бойына сіңіру, облыс орталығындағы тәртіпті қадағалау, әкімшілік құқық бұзушылықтарды болдырмау, қылмыстың алдын алу және қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы аталған іс-шаралардың барлығында ақсақалдармен бірлесе отырып, тиісті жұмыстарды атқару мәселесі қаралды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мен ардагерлердің арасындағы байланысты нығайту, халықпен тиімді әрі тығыз қарым-қатынас орнату, сервистік полиция мен жұртқа жақын полиция қағидаты бойынша жобалардың орындалуын қарау да назардан тыс қалмады.

Келелі кездесуде Түркістан ҚПБ бастығы полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев, жыл басынан бері тәртіп сақшыларымен атқарылған жұмыстарды баяндай отырып: «Ең бастысы қолжетімді, ашық полиция болу жолында үлкен жұмыстар атқарылуда. Осы ретте сіздердей алдыңғы буын қарттарымыздың ақыл-кеңестері біз үшін ауадай қажет. Сіздермен бетпе-бет кездесіп, тығыз байланыс жасап, ұрпақтар сабақтастығын жалғағандаймыз. Аман болыңыздар!» -деп атап өтті. Өз кезегінде қаланың көзі қарақты қариялары жаңа басшының жұмысына сәттілік тілеп, құттықтау сөздерін арнады. Одан бөлек, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын қамтамасыз етуде қала аумағында атқарылған жұмыстардың кем-кетігін айтты. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, ойын-сауық орындарында ішімдік сатуды азайту, демалыс және қоғамдық орындарда орын алатын кикілжіңдердің тіркелуіне жол бермеу, кісі өліміне алып баратын жайттарды болдырмау, жалпы қылмыстың алдын алу, қала тыныштығы – бірінші орында тұруы керегін алға тартты. Осылайша ардагерлер мен полицейлер арасында тағылымы мол әңгімелер өрбіді. Келелі кездесудің соңында ардагерлермен естелікке суретке түсу рәсімі өтті.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.