«Zhas Project» жастардың бастамалары мен идеяларын қолдауға арналған мемлекеттік жоба. Жеңімпаздарға мемлекеттік грант, яғни қаржылай сыйақы беріледі. Бұл жоба 2024 жылдың 3 қаңтарынан бастап Қазақстанның 20 аймағында басталған болатын. Шымкент қаласымен Батыс Қазақстан Облысында Жастар корпусын дамыту бойынша «Zhas Project» жобасын «Корган-М» ҚБ жүзеге асыруда.
Талап бойынша конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы және Қазақстан Республикасының заңнамасына қарсы келмеуі тиіс.
Шымкент қаласындағы кәсіпкерлікті дамытып, әлеуметтік жобалар арқылы NEET жастардың қатарын азайтуды мақсат еткен жобаға 318 үміткер өтінім қалдырған. Комиссия мүшелері келіп түскен жұмыстардың барлығын жіті бақылап, арнайы кеңес өткізген. 21-22 мамырда сараптама комиссиясы «шағын гранттар» байқауының қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды анықтады. Жалпы Шымкент қаласында 20 шағын грант, Батыс Қазақстан облысында 8 грант бөлінді.
– Конкурсқа дайындалуға небәрі 2 ай уақытым кетті. Өйткені бұл ой менде біраз жылдан бері жүзеге асыруды жоспарлап жүргенмін. Жалпы ерекше балалардың ойлау қабілетін, олардың физикалық дене қозғалысын жақсартуды мақсат еттім. Сол арқылы ағаштан түрлі бейнелерді жасап, ертегі құрастырдым. Бала денсаулығына оң әсер береді. Әрі сапалы. Жетекшім тек бағыт беріп, қолдауын білдірді. Сол үшін рахметімді айтамын. Алдағы уақытта мемлекеттен берілген гранттық қаржыны өз кәсібімді бастауға жұмсаймын,-дейді Мөлдір Жарылқап.