Бірінен кейін бірі тізіліп келіп жатқан мамыр мерекелері көңілге шуағын шашып тұр. Елді сансыратқан су тасқынының да беті қайтып, жағдай бірте- бірте қалыпқа түсіп келе жатқандай. Оған да шүкір. Барша жұрттың тілегі- ел үстінде.Еншалла, бұл күндер де өтер.
Бүгін үйге Тося апай келді. Қолында құмыраға отырғызылған гүлі, түйіп алған түйіншегі бар.»Өткен туған күніңмен! Қанша келдім. Үйіңде отырмайсың. Өзі үйіңе қонасың ба?»- деп жадырай күліп амандасты. Түйіншегін шешіп, екі тандыр нан шығарып, дастарханға қойды: «Нан бар жерде береке бар. Ашаршылық жылдарда бір үзім нанға зар болып қаншама адам қырылып кетті. Наннан үлкен нәрсе жоқ. Балалардың үйіне барсам да нан алып жүремін. » Көршіңе кірсең де бір наныңды қолтықтап бар. Үйінде нан болмай қалса, бір шәйнек шәй қайнатып, қысылмай өз наныңмен шәй береді»,- деп анам марқұм құлағымызға құйып отыратын еді. Құдайға шүкір, қазір тоқшылық заман. Сонда да сол бұрыннан қалған әдет қой»- деп ежелден әңгімешіл замандасым сөзінің басын бір қайырып тоқтады. Маған әкелген әдемі помбархыт көйлек- орамалы да бар екен.»Тося апай»- деп отырғаным, Ташбибі Махмудқызы Убаева. Жасы сексен төртте. Өмір бойы Түркістан қалалық перзентханасында, тағы басқа емдеу орындарында акушерка болып қызмет істеген. Сонау орыс халқының дәуірі жүріп тұрған Кеңес Одағы кезіндегі салт бойынша әріптестері өз атын айтуды қиынсынып»Тося-Тоська» атап кеткен. Менің құдайы көршім, Түркістан қалалық орталық ауруханасының мейірбикесі Гүлбахор Убаеваның анасы. Танып- біліскенімізге он жеті жылдың жүзі болыпты. Жас алшақтығымыз да білінбейді. Әзіл- күлкіміз жарасып, бір- бірімізбен сағына көрісіп жатамыз.
Қызы Гүлбахор мен күйеу баласы Дәулет Артыковтарға келсе:»Сені бір көріп кетейін дедім»- деп маған соқпай кетпейді. Кейде немерелерін жібереді:»Әжем келген еді. Сізді палау басып күтіп отыр»-, деп кіп- кішкентай Фәйізбек жүгіріп келіп кетеді. Қуанып қаламын. Мені іздейтін осындай құрбымның болғанына. Оның сағынып, іздеп, ас- суын ішпей , тағатсыздана күтіп отырғанына мәз боламын. Өзі әңгіменің майын тамызады. Анекдоттың да түбін түсіреді. Анекдот болғанда, тәрбиелік мәні зор, ой салатын нәрселерді әзілмен әдіптеп керемет жеткізеді. Тося «ортағымды» көрсем, барлық уайым- қайғымды ұмытып, көңілім көтеріліп қалады. Осындай жақсымен өткен бір күнің Лұқпан хакім бабамыз айтып кеткен бір жасқа тең бе деп қаламын. Онымен ішкен шәй да тәтті. Бал татып кетеді. Арамызда ешбір кедергі жоқ риясыз достық қалыптасқан. Бейне бір туған апалы- сіңлілідейміз. Бір- бірімізді танып- біліскен он жеті жыл ішінде басымыздан талай жағдайлар өтті. Тағдырдың мойнымызға артқан салмағын да, қуаныштың құшағында тербелген шақтарымызды да бірге бөліскен күндердің бедер- белесін қалай ұмытайық. Танысқан кезімізде екеуміздің де отағасымыз жанымызда жадырап жүрген еді. Сол қымбат жандар енді арамызда жоқ. Пәниден бақиға аттанып, шын өмірде мәңгілік тыныстауда. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық», Жақсы көрші- жайнаған төрің», » Көрші хақысы- тәңір хақысы»- деген халқымыздың даналық сөздері де текке айтылмаса керек. Бір- бірімізді жұбатып, сүйеу болдық. Шынайы достық ұлтқа да, жасқа да қарамайды екен. Біздің аймақты Түркістанда «Коммунизм» деп бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі колхоздың атымен атайды. Соның ішінде»Ипотека» ауылға жатамыз. Оның атауы да тектен- тек қойылған жоқ. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысын Б. Жылқышиев басқарып тұрған кезде ипотекалық жобамен салынған жиырма төрт үйдің себебімен осылай аталып, бертінге дейін атаусыз көшеде тұрып келдік. Біз көшіп келгенде маңайымыздың бәрі мақталық, әр жерде қадау- қадау ғана үй болатын. Көшесі жоқ ауылдың ана басындағы үй мен мына басындағы көршілер бір- бірімізбен қол бұлғап амандасып жүруші едік. Енді қазір сән- салтанаты келіскен керемет жаңа ауданға айналдық. Жаңа көршілер қосылып, қатарымыз көбейді. Дегенмен, Тося- (Тоқташ )- Ташбибі апай секілді ескі көршінің орны бөлек. Осы жүріс- тұрысы, өмір- тіршілігі қарапайым замандасымның бала тәрбиесіндегі парасат- пайымына таң қаламын. Құдай қосқан қосағы Абдурахман Юлдашқари екеуі өмірге төрт ұл, екі қыз әкеліп , өсірді. Балаларын жастайынан еңбекке тәрбиеледі. Ал, үлкен қызы Гүлбахор өзінің жолын қуып, мейірбике мамандығын таңдады. Әлі күнге дейін Түркістан қалалық орталық ауруханасында тапжылмай еңбек етіп келеді. Дәулет пен Гүлбахордан тараған жиен немерелері Дана мен Севара да Түркістан медицина училищесінде білім алып, әжелері салған соқпақты жалғастырмақшы.»Мен мамандығымды өте жақсы көрдім. Адамға өмір сыйлау, жарық дүние сыйлаудың қандай қасиетті екенін басынан өткен адам ғана біледі. Дәрігер — өте киелі мамандық. Қандай қиын заман, қиын күндер болса да жұмысымнан қол үзбедім. Сондықтан да қызымның, немерелерімнің жолымды қуғанына қуанамын. Тек Гүлзадам ғана басқа мамандықта»-, дейді Ташбибі апа.
Үш қызды дүниеге әкеліп, Түркістанды жерсінбей Ресейіне кетіп қалған орыс келіннен тараған ұрпақты да кішкентайынан тәрбиелеп- өсіріп, құтты орнына қондырды. Барлық ісі тап- тұйнақтай. Жасы келіп қалса да , есте сақтау қабілетіне кісі қызыққандай. Ұл- қыздарынан тараған немере- шөберелерінің әрқайсысының туған күнін ұмытпай, зейнетақысынан сый- сыяпат алып жүреді. Адамдарға жақсылық жасағысы келіп тұрады. Маған да кетіп бара жатып:» Зейнетақымыз өсіпті. Сені «Индираға» балыққа апарайын деп едім»- дейді. «Индира» дегені- Түркістандағы балық тағамын әзірлейтін қоғамдық тамақтану орны.»Тося апай, енді менің кезегім сізді сыйлау»- деп күлемін мен. Мен осындай досыммен мақтанамын.