– Қос құжат та халықтың қамын бірінші орынға қояды және елдің игілігін әрбір азамат сезінуге тиіс деген қағидатты ұстанады. Ауқымды ұлттық трансформация – оңай үдеріс емес. Бірақ қанша қиын болса да, біз бұл стратегиялық бағытымыздан айнымаймыз. Былтыр экономикалық өсім 5,1 пайызға артты. Біз ЖІӨ мөлшерін 2029 жылға қарай екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Осы асқақ мақсатқа жету үшін біз білім мен инновацияға негізделген заманауи экономиканың іргесін қалап, жыл сайын 6 пайыз өсімді қамтамасыз етуге тиіспіз. Біз Сингапур сияқты бизнес, қаржы, дарындылар мен инновация шоғырланатын сенімді орталыққа айналуға ұмтыламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвестициялық саясат және экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
Оның пікірінше, географиялық алшақтыққа, жер көлемі мен тарихындағы айырмашылықтарға қарамастан, Қазақстан мен Сингапурдың көптеген құндылықтары ортақ әрі ұқсас сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.
– Биыл қаңтар айында Германияның халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институты алғаш рет Қазақстанды әлемнің орта державаларының санатына қосты. Сингапурлықтар өздерін кішкентай ел санайтынын жақсы білемін. Алайда, менің ойымша, Сингапурдың қаржылық және экономикалық ықпалы, стратегиялық тұрғыдан аса маңызды халықаралық теңіз жолдарының тоғысында орналасуы, 2024 жылғы Global Firepower есебі бойынша 145 елдің ішінде 30-орынға табан тіреуі бұл мемлекеттің орны әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Бұған қоса, стратегиялық ой-сана мен тиімді дипломатия Сингапурды Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды көпірге айналдырды, – деді Мемлекет басшысы.