Бүгін Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданына қарасты Ә.Жангелдин көшесі бойындағы №28, 30, 32 көп қабатты тұрғын үй тұрғындары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізіліп жатқан тазалық жұмыстарына қатысты.
Тұрғындар «Тазалық – денсаулық кепілі» деген ұранды ұстанып, өз аулаларындағы ағаштардың түптерін әктеу, артық өскен бұталарды қырқу, шөптерді ору, ирригациялық арықтарды күл-қоқыстан тазалау және ойын алаңшалары мен орындықтарды сырлау жұмыстарын жүргізді.
Тазалық жұмыстарына тұрғындармен бірге ауданның ардагерлері, белсенді жастармен қатар коммуналдық қызметкерлер барлығы 200-ден астам адам қатысты.
Іс-шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Наштайұлы Президентіміздің «Таза Қазақстан» акциясының науқандық іс-шара еместігін, бұған әрбір қала тұрғыны бей-жай қарамай тазалық мәдениетінің өзімізден бастау қажет екенін айтты. Сондай-ақ тұрғындарды өз аулаларын таза ұстауға, жастардың тазалық мәдениетін сақтауға баса назар аудару қажет екенін жеткізді.
Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.
Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда.
Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Рас, «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!