Бүгін Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алқа мәжілісі өтті. Маңызды жиынға денсаулық сақтау мекемелерінің бас дәрігерлері, басқарма қызметкерлері, сала мамандары қатысты. Жиынды Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев жүргізіп отырды. Денсаулық сақтау саласының түрлі бағыттарына жауапты басшыларының баяндамалары мен есептері тыңдалды. Кемшіліктер мен проблемалар ашық айтылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бас дәрігерлер мен сала жетекшілеріне халықтың денсаулығын сақтау бағытындағы жұмысты күшейтуді, жүйелеуді тапсырды.
– Ана мен бала денсаулығына қатысты мәселелер кейбір аудандарда жиі қайталануда. Оның сыры мен себебі неде? Басқарма тарапынан жіті талдау жасалып, мамандар себебін анықтауы қажет. Екіншіден, көрсеткіші төмен медицина мекемелерін білікті мамандармен қамтуға көңіл бөлінсін. Қажетті мамандықтар бойынша оқыту мәселесі де өзекті. Зерделеу нәтижесі бойынша тиісті ұсыныстар беріңіздер. 2024 жылы денсаулық сақтау басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдары тіркелген халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Бүгін штаттан тыс бас мамандардың баяндамалары тыңдалды. Мәселелер аз емес. Медициналық ұйымдар халыққа сапалы қызмет көрсетсін. Әсіресе, жекеменшік мекемелерге шағымдар бар. Жұмысты ширатыңыздар. Баяндамадағы туындаған мәселелерді шешу бойынша Денсаулық сақтау басқармасы іс-шара жоспарын құрып, тиісті жұмыс жүргізілсін, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Мәжілісте Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас гинекологы Эльмира Қожахметова, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттын тыс бас педиаторы Алтын Досанова, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас онкологы Бауыржан Бертаев, Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру және қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Меруерт Боташева өздеріне бекітілген салалар бойынша есеп берді.
Ана мен бала денсаулығын сақтау, онкологиялық ауруларға ерте скрининг жүргізіп, алдын алу бағытындағы жұмыстар баяндалып, тиісті ұсыныстар берілді.
Баяндамада айтылған көрсеткіштері төмен әрі жұмысы нашар медициналық мекеме басшыларына ескерту беріліп, жұмысты ширату тапсырылды. Жұмысын дұрыс атқармаған және шикілікке жол берген медициналық мекемелердің басшыларына мемлекеттік тапсырыстарға қатыстырмау бойынша ұсыныс берілетіні ескертілді.
Айта кетейік, Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым және 130 жекеменшік мекеме, оның ішінде 36 емхана кіреді. Барлық медициналық мекемеге 2 млн 60 мың адам тіркелген. Медициналық ұйымдарда 35 714,75 қызметкер жұмыс істейді. Биылғы 5 айда облыс халқына 15307002 клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетіліп, 307812 жедел жәрдем шақыртуы, 784 санавиация шақыртуы бойынша жұмыс жүргізілді. 5 миллионнан астам амбулаторлық көмек көрсетілген.
Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.