Шұбатылған сымдар мен кабель оралған велосипедке мінген осы кісіні университет айналасында жиі көремін. Бірде университетте бірге жұмыс істейтін Нақып ағай өзінің еңбекқор да ақкөңіл досы жайлы жазуымды өтінген еді. Сөйтсем сыртынан көріп жүрген әлгі кісім Нақып ағайдың досы болып шықты. Ол кісіні жер асты сымдарын аршып, жұмыс істеп тұрған жерінен барып әңгімеге тарттық. Сым ораған сары велосипедін сабырмен серік етіп келе жатқанына 37 жыл болғанын естіп, тіпті тәнті болдық.

Сұлтанбеков Тұрғын 1985 жылдан бері Түркістан қаласы «Қазақтелеком» АҚ-да желі монтері болып жұмыс істеуде. Алматы байланыс техникумына оқуға түсіп, диплом алып ауылға оралады. Міне, содан бері осы жұмысты үздіксіз атқаруда. Басты міндеті ақауы анықталған тораптарды жөндеу, интернеттің жылдамдығын тексеру, абоненттердің жағдайын анықтау. Өздеріне қарасты  аумақта 60-қа жуық маман болса, әр торапта 4-5 адамнан жұмыс істейді. Таң атқаннан велосипедіне мініп, карта арқылы бір нүктеден келесі тиісті нүктеге дейін кабельдік құрылғыларды монтаждау бойынша жұмыс түрлерін орындайды.

Ағадан «бұрынғы жұмыстарыңыз бен қазіргі орындайтын жұмыстарыңыздың айырмашылығы бар ма» деп сұрағанымызда, ол кісі бұрынғымен салыстырғанда жұмыстарының әлдеқайда жеңілдегенін айтады. Яғни, бұрын таңертеңнен міндетті түрде кеңсеге жиналып, барлығы сол жерден тапсырмаларын алып, әркім өз учаскесіне тарап кететін. Онда ескірген кабельдерді жөндеу, қайта іске қосу жұмыстары жүргізілетін. Ал бүгінде, кеңсеге бармай-ақ, Орталықтандырылған жөндеу бюросынан тексерілетін абонент суретке түсіріліп, мекен-жайымен бірден «Ватсап» арқылы монтерға жіберіледі. Маман бірден сол нүктеге жөндеуге барады. Осылайша уақыт үнемделеді дейді.

«Сондай-ақ, бұрындары телефоны бұзылғанын хабарлаған үйге барып, ақау қай жерден шыққанын тексерейін десең үй иелері болмай қалып, қайта әуреленіп кетіп қалатын кездер болатын еді. Ал қазір сол бұзылған абонент тайға таңба басқандай компьютерден көрініп тұрады, ол абонентке жөндеуге ғана барасың. Бүгінде барлық мөлтекаудандар интернетпен қамтамасыз етілген. Осы жылдың соңына дейін 41 мың абонентке интернет жалғау жоспарлануда» дейді қазіргі жұмыс барысымен таныстырған Тұрғын ағай.

Жұмыстағы жағдайы, жалақы мәселесі жайлы сұрағанымызда,  «Қазақтелеком» АҚ-да қазір барлық жағдай жасалғанын, мұндағы қызметкерлер көлікпен, биікке шығатын арнайы кранмен қамтамасыз етіліп, мекемеге 13 «Нива» көліктері пайдалануға берілгенін айтады. «Әсіресе, жалақымыз уақытылы әрі мөлшері артты, мықты әлеуметтік пакет енгізілген. Мысалы, қызметкерлердің өздерін демалыста 70% жеңілдікпен санаторийлерге, олардың балаларын лагерьлерге жіберу мүмкіндіктері, туған күн иелерін ерекше құттықтау сияқты ынталандыру шаралары қарастырылған. Сонымен бірге конторда 7-8 компьютер бағдарламашысы, диспетчер, кассир әйелдер жұмыс істейді. Және де ер азаматтар мұнда 60 жасында зейнетке шыға алады. Осы жасқа жақындаған 5 жұмысшы кезекте тұрмыз. Бұйырса, өзім он айдан кейін зейнетке шығамын. Тиісті жағдайлар жасалған соң бұл жұмысқа әмбебап жастар көптеп тартылуда» деп жауап берді жұмысына көңілі толған кейіпкеріміз.

Иә, әр істің қызығымен қатар қиындығы да болатыны белгілі. Монтерлардың велосипедте өздерімен әрдайым алып жүретін «когти» деген құралымен 7-8 м. биіктікке шығуға тура келетін кездері болады. Сондай кездердің бірінде Тұрғын аға ғимаратқа шығып бара жатып, суағарға сүйеніп аяғы тайып 4 м. биіктіктен құлайды. Өкшесі жарылып, тобығын жарақаттап үйде 3 ай жатады. Сол аралықта да тиесілі айлығы төленіп, емделіп, бүгінде қайта жұмысқа оралғанына тәубе етеді.

Жас та болса, іскер басшысы Алшынбаев Ратбектің ұйымдастырушылық қабілеті мен білімінің арқасында осы тату әрі белсенді ұжымның басын біріктіріп отырғанына шын ризашылығын білдіреді. Тату ұжым деуіне толық негіз бар. «Бұрынғыдай таңертеңнен кеңсеге жиналмаймыз десем де, сол кезді аңсап, жұмыстарымыз біткен соң, міндетті түрде топырлап жиналғанды, әңгімелескенді жақсы көреміз. Бір-бірімізді іздейміз. Ауа райы қандай болса да, бізге әсер етпейді. Жексенбі күндері үйге сыймай, жұмысқа жеткенше асығамыз. Бұл өз мамандығымызды шын жақсы көргеннен болар деп ойлаймын. Жұбайым, екі ұл, екі қызым бар. Ұлдарым да әкесінің жолын қуып осы сала бойынша білім алуда» дейді жұмысы десе ішкен асын жерге қоятын Тұрғын аға.

Біз де жұмыс арасында уақыт бөліп, әңгімелескен ағаға рахмет айтып жылы тарқастық.

 

 

 

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.