Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету.
№2 Оқушылар сарайының Медиа залында Волонтерлік мейірім кілті атты баспасөз конференциясы өтті.
Конференция барысында волонтерлікпен айналысып жүрген арнайы клубтардан келген спикерлер сөз сөйлеп, еріктілер құрамында болудың артықшылығы түсіндірілді. Баспасөз конференциясында ата-аналар сұрақтар қойып, волонтерлік ұйымдар жайлы нақты ақпараттарға қанық болды.
— Баланы жастан дегендей, оқушылар сарайындағы 10-12 жастағы балаларды қала тазалығына, жануарларға қамқорлық көрсетуді үйретуге дәріптеу үшін, қоғамдық жұмыстарға қатыстыруды бастадық. Бүгін ол бала тазалыққа, мейірімділікке үйренетін болса, бұл қасиеттер өмір бойы оның жадынан өшпейді. Ата-аналарды шақыру себебіміз, ол кісілер балалардың қауіпсіз әрі пайдалы жұмыстармен айналысатынын білуі керек. Сабақ басталғанға дейін, үйірмелерден тыс уақыта қоғамдық жұмыстарға қатысады. Қыркүйек айынан бастап, сенбі, жексенбі күндеріне арнайы тізім жасақталады,-дейді Оқушылар сарайының директоры Данияр Дүйсенбайұлы.
«Волонтерлік мейірім кілті» атты баспасөз конференциясы оқушылармен тренингке ұласты. Тренинг барысында «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Данара Саранованың жетекшілігімен ойындар өткізілді. Жеңімпаздарға N2 Оқушылар сарайының басшылығы сыйлықтар мен сертификаттар табыстады.