«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Темірлан тас жолында орналасқан скверде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.Тазалық іс-шарасына жалпы 100-ден астам аудан тұрғындары, кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар, еріктілер қатысты. «Тазалық — денсаулық кепілі» деген ұстаныммен өткен іс-шарада ағаш кесу, әктеу, шөп ору, суғару, қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді.
«Мемлекет басшысы тапсырмасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері аудан тұрғындары күн сайын өзі тұратын көше бойындағы арықтарды, жол жиектерін қоқыстан тазартып, белсенді қатысуда», — дейді Қызылжар шағынауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Бастархан Байжанов.
Қала – ортақ үйіміз. Сондықтан, оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға ат салысуы қажет.
Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.
Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда.
Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Рас, «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!