Баспасөз конференциясында Нұржан Қаракөзев Шымкент қаласы бойынша шомылуға тыйым салынған аймақтарға тоқталып өтті.
Шымкент қаласы бойынша бүгінде шомылуға тыйым салынған 13 орын айқындалып, 15 ескерту белгілері орнатылған.
Департамент жоспар негізінде, құзырлы мемлекеттік органдармен бірқатарда еріктілерді тарта отырып, тұрғындардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Атап айтқанда, сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша 58 рет рейд жүргізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар демалыс және мейрам күндері күшейтілген режимде өтеді. Бүгінде аудандық әкімдіктермен өткен жылы әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын жүзуге тегін үйрету бойынша 13 меморандум жасалып, 2300 ден аса баламен инструкция өткізілген.
Брифинг барысында спикер қала аумағында суға шомылуға қауіпті орындарға тоқталып өтті.
-Мәселен Бадам өзенінің барлық арнасы, Қошқар ата өзенінің бастауынан басқа арналары, Қарасу және Сайрам су өзендері шомылуға қауіпті аймақтарға жатады. Сондай-ақ, қаламыздағы Шымкент магистралды каналы, Азат, Көкбұлақ, Сасық және басқа да суару арналарының балалар үшін өзіндік қауіптілігі бар екенінін ескертеміз. Ал субұрқақтардың өзі ток көздерімен жабдықталуына байланысты бірқатар қауіп төндіретіндігі жасырын емес. Осы ретте, су пайдалану қағидаларын бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес (412, 364, 440 баптары) жауапкершілікке тарту көзделген,- деді Нұржан Қаракөзев.
Шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы келесідей
іс-шараларды атқарады:
— шомылу маусымы тақырыбындағы тыйым салу тақтайшаларын жасап және балаларды жүзуге тегін үйрету бойынша бассейн басшыларымен меморандумдарды қайта бекітуді;
— бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қауіпсіздік ережелерін кеңінен насихаттауды;
— жазғы демалыс кезінде балалардың су айдындарында қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды;
— сондай-ақ, шомылуға тыйым салынған орындарда рейдтік шараларды тұрақты түрде жүргізу.