Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жылу қазандықтардың алдағы жылу беру маусымына дайындығымен танысты. Шаһар басшысы аралау барысында Қаратау ауданы, ӘІО-та орналасқан қуаттылығы 160 ГКал болатын қазандықты жаңғырту және Назарбеков көшесіндегі жылу желілерін ағымдағы жөндеуден өткізу жұмысын бақылады.Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларда хабарлады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сонымен қатар, «Тұран» және «Шымкент сити» шағынауданындағы жылу қазандықтары мен оған қажет құрал-жабдықтарды дайындау барысын тексерді. Жылыту маусымының үзіліссіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында «Шымкент ситидегі» қазандықтың қуаттылығы арттырылды.
Сондай-ақ қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Тұран мен Әл-Фараби аудандарындағы “РК-2”және “Мотор” сорғы станцияларының дайындығын да тексерді . Бұл нысанда да қыста жылу қуатын арттыру мақсатында «РК-2» сорғы станциясына қазандық орнатылды. (ЖЭО-3 шеткі нүктесі)
Одан әрі қала әкімі Еңбекші ауданында «3-Энергоорталық» АҚ ЖЭО-3-те болды. Мұнда турбогенератор мен қазандықтар жөндеуден өтіп жатыр екен. Барлық жұмыстармен танысқан қала басшысы салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық қазандықтар жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар, А-2 айналма жолының жетінші кезеңінің құрылысын аралап, қоғамдық көлікке қатысты пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысын бақылады. Айта кететін жайт, бұл жоба бойынша аялдамаларға электронды дисплей орнатылады. Бұл құрылғы азаматтарға өз бағытын жоспарлауға және автобустың келу уақытын есептеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.