28 маусым күні Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні аталып өтеді.
Бұл мереке 2011 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. Бұл күн 1991 жылы 28 маусымда «Баспасөз және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары туралы» алғашқы ұлттық заңның қабылдануына байланысты таңдалды.
Жыл сайын 28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылатын спартакиада – журналистер қауымы үшін үлкен мереке. Биылғы дәстүрлі спартакиаданың жалауы Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы стадионында желбіреді.
Турнирдің ашылу салтанатында сөйлеген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың құттықтауын жеткізді. Ол өз сөзінде қоғамдағы БАҚ өкілдерінің орнына, атқарып жүрген жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ, журналистер қауымын мерекемен құттықтап, билік пен халық арасында алтын көпір болып отырған журналистер қауымының қызметтеріне тоқталып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Екі күнге созылған спартакиаданың бірінші күнінде қыздар және ерлер арасында үстел теннисінен және командалық құрамда волейболдан жарыс өтті. Үстел теннисінен «Қызмет» командасының намысын қорғаған Айнұр Өміржанға тең келетін қарсылас табылмады. Жүлделі екінші орынға «Оңтүстік TV» командасының өкілі Фариза Құрманбек ие болса, үздік үштікті «Шымкент келбітінің» ойыншысы Гүлжауһар Бажақай түйіндеді. Ал, ерлер арасында үстел теннисінен 1-ші орын «Кю контент» порталының қызметкері Асылбек Түйетаев қанжығасына байласа, «Оңтүстік TV» командасының қатысушысы Күнту Арынбек қырағылық танытып тағы да екінші орынға табан тіреді. «Ернұр — Press» командасының ойыншысы Қаныш Уалиханов қола медальға ие болды. Волейболдан «Оңтүстік TV» командасы қарсыластарын басып озды. 2-ші орынды «http://xn--c1aembp79d.kz/» командасы жеңіп алса, 3-орын «Айғақ» телеарнасына бұйырды.
Шымкент келбеті