Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) — әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық қызметтерді тұтынушыларға медициналық көмек көрсету жөніндегі құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені.
Қор жалғыз құрылтайшысы және акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады.
Қордың активтері:
1) аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу мерзімін өткізіп алғаны үшін алынған аударымдарды, жарналарды, өсімпұлды, қордың қызметін қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақыны шегергендегі инвестициялық табысты;
2) Қорға Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер есебі арқылы қалыптасады.
Қордың активтері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған шоттарға орналастырылады.
Шымкент қаласындағы барлық медициналық ұйымдарда науқастарды қолдау қызметі жұмыс істейді. Егер азаматтың тиісті медициналық көрсеткіштері бола тұра жолдама ала алмаса және оған медициналық көмек көрсетуден бас тартылса, қаралатын медициналық ұйымдағы «Пациенттерді қолдау және ішкі аудит» қызметіне шағымдануына болады. Қызметтің басты міндеті — халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімдігін қамтамасыз ету және пациенттерден түскен шағымдарды «осында және қазір» қағидаты бойынша шұғыл түрде шешуге негізделген.
Науқастың арыз-шағымы емхана деңгейінде дұрыс қарастырылмаған жағдайда «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалына 8-7252-99-76-85 байланыс нөмірі арқылы шағым қалдыруға болады.
Тұрғындар сондай-ақ медициналық көмек көрсету тәртібі мен сапасына қатысты өтініштерін «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы арқылы да жолдай алады. Әлеуметтік сақтандыру Қорының мамандары медициналық ұйымға хабарласып, ақпаратты анықтайды және медициналық көмек көрсетуден бас тарту себептерін тексереді.
Бұдан бөлек, медициналық қызмет алу барысында қосымша сұрақтар туындаса, 1414 байланыс орталығына хабарласып кеңес алуға болады және Telegram-дағы Saqtandyru-bot немесе fms.kz ресми сайтында да өтініш-шағымдар қабылданады.