«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласындағы Қошқар ата өзенінің жағалауында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Тұран ауданының коммуналдық мекемесінің қызметкерлері мен аудан тұрғындары және «Жасыл ел» еңбекші жастары қатысты.
Қаланың орталығын кесіп өтетін Қошқар ата өзені қала тұрғындарының бір сәт демалуына таптырмас орын. Алайда кейбір жеке сектор аймақтарында өзен бойында тазалық жұмыстары сын көтермей отырғаны жасырын емес. Сондықтан, акцияға тұрғындарды шақыра отырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде жолға қойылған.
Іс-шарада Кремлевская көшесінен Абай көшесіне дейінгі өзен бойындағы түрлі қоқыстарды, қураған ағаштар қырқу, шөптерді ору және өзеннің суымен жиналған түрлі қалдықтарды тазалап, су көздерін ашу жұмыстары атқарылды.
Тазалық жұмыстарына 10-нан астам техника мен 100-ге жуық маман жұмылдырылды. Акцияға қатысқандар қаламыздың тазалығы басты назарда екенін, оған әрбір қала тұрғындары белсене атсалысуы қажет екенін жеткізді.
Еске сала кету керек, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 6 сәуір мен 11 мамыр аралығында су тасқыны болмаған өңірлерде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өткен болатын.Аталған бастаманы қолдау мақсатында апта сайын «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» атты шаралар ұйымдастырылып, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру, санитариялық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілген болатын.
Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет Халық арасында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті.
Бұл күндері табиғатқа, жалпы қалалық нысандарға ұқыпты қарау мәдениетін тәрбиелеуге бағытталған экологиялық іс-шаралардың жаңа кезеңі басталады. Жаз күндері адам көп баратын тауға, өзен жағалауына, саябақтар мен скверлерге ерекше назар аударылады.