Шэньси провинциясының Вэйнань қаласындағы жұмыс сапары барысында Түркістан облысының делегациясы аймақтағы ірі өнеркәсіп орындарын аралады. Түркістан облысының әкімдігі мен Қытайдағы Қазақстан елшілігі және Бас консулдық бірлесе ұйымдастырған кездесулер жалғасты. Бағдарлама бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация мен Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев іс-шараларға қатысты. Жұмыс тобы мен түркістандық кәсіпкерлер Қытайдағы ең ірі ұн өндіретін Wudli Group Weinan Flour Co., компаниясының жұмысымен танысты. Компания жоғары сапалы бидайдан күніне 70 мың тонна, жылына 27 млн тонна ұн шығарады. 35 жыл тарихы бар өндіріс алыбы дүние жүзі бойынша алдыңғы қатардағы ұн өндіру компаниясы болып есептеледі. 6 қабатты зауыттың электронды басқару орталығын 4 адам басқарады. Мемлекет қолдауымен кәсіпорын дамып, Швейцариямен стратегиялық ынтымақтастық құрған.
Zhongken Huashan, Ltd. кәсіпорны жыл сайын 300 мың тонна сүт өнімдерін өндіреді. Фермада 48 мыңнан астам австралиялық сиыр өсіреді. Тәулігіне 200 тонна сүт өнімдерін шығаратын зауытта 200 адам жұмыс істейді.
Сондай-ақ сапар барысында облыс делегациясы мақсары майын өндіретін зауытта болды. Weinan Changanhua Grain and Oil Co., Ltd. кәсіпорны күніне 400 тонна, жылына 150 мың тонна май шығарады. Өндіріс толық автоматтандырылған. Ішкі нарықты қамтиды.
Сапар аясында жұмыс тобы индустриалды аймақ жұмысымен танысып, Shaanxi Zhonglian Earthmoving Machinery Co., Ltd. ауыр техника мен оның оның бөлшектерін шығаратын зауытты аралады. Алпауыт компанияның жылдық айналымы 500 млрд теңгеге жуық. Салмағы 3 тоннадан 450 тоннаға дейінгі ауыр техниканы әлемнің көптеген елдеріне саудаға шығарады. Зауытта экскаватор, бульдозердің сан алуан түрі жасап шығарылады. 9 елде зауыттары жұмыс істейді.
Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай Халық Республикасы ТОП–5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал, Түркістан облысымен 2023 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 149 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 60 млн. АҚШ долларын және импорт 89 млн. АҚШ долларын құрады.
Түркістан өңірі – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Облыста ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, энергетика, құрылыс, туризм салаларында инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы сомасы 110 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 ірі жоба іске асырылды. Сонымен қатар бірқатар маңызды жобаларды іске асыру бойынша келісімдер жасалды.