ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Минмен кездесті. Кездесу Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының туристік және мәдени астанасы Алматы қаласында өтті. Бұл мәртебе мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ШЫҰ-ға төрағалық еткен кезде бекітілді.
«Қазақстан Президенті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы берік қарым-қатынастың негізі мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық екенін бірнеше рет атап өтті. Шанхай ұйымы Еуразия құрлығындағы он мемлекетті біріктіреді, онда планета халқының жартысына жуығы тұрады. Біздің халықтарымыздың мәдени әртүрлілігі мәдени алмасу мен мәдениет саласында керемет перспективалар ашады», — деді министр.
Ведомство басшысы 15 мамырда өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері кездескен 21-ші кеңесте бірлескен жұмыстың аралық нәтижелері қорытындыланып, перспективалар талқыланғанын еске салды.
Атап айтқанда, мәдени байланыстың табысты тәжірибелерінің бірі – «мәдениет күндері» мен бірлескен мәдени іс-шараларды өткізу.
Мәселен, 2022-2023 жылдары Қазақстанда Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның мәдени күндері, сондай-ақ Ресейде, Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері сәтті ұйымдастырылып, өткізілді. Биыл Тәжікстан мен Түрікменстандағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында бірқатар іс-шаралар жоспарлануда.
Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жобасының 10 жылдығына арналған көшпелі көрмеде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қорынан сақ-үйсін дәуірінің экспонаттары ұсынылды. «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығында Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстаннан келген және қазақстандық 48 шебердің қатысуымен «Ұлы Жібек жолы бойындағыға тоқыма және зергерлік өнер» халықаралық жәрмеңкесі өтті.