Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланың кезекті жаяу аралау барысында «Береке А» корпорациясы» ЖШС-нің өндірістік базасында болды. Компания көп жылдан бері жол және көпір салумен айналысып келеді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында хабарлады.
Компания жұмысымен танысқан әкім алдағы даму жоспары мен өнімдері туралы талқылады.
Келесі кезекте Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебіне барды. Мекеменің оқу-материалдық базасымен танысты, жауапты мамандарға оқу ғимаратын жөндеуден өткізуді тапсырды.
Жақын арада Тұран ауданы, Құрсай шағынауданда тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ететін су қабылдағыш құрылысының жұмысы аяқталады.
Жаяу аралау барысында құрылыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қазіргі таңда негізгі техникалық жұмыстар толығымен аяқталған, тұрғындарды жүйеге қосу шаралары жақын арада жүзеге асырылады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін, мегаполисте ауыз сумен қамтамасыз ететін ең ірі жобалар аяқталады.
Бұдан бөлек, А2 жолын қайта жөндеудің бесінші кезеңін, Юсупов, Тамшыбұлақ, Изенді және Жаңа Қоныс көшелерінің күрделі жөндеу жұмыстарын бақылады.
Салалық басқармалар мен мердігер ұйымдардың басшыларына барлық жұмысты сапалы және уақытылы аяқтау, сондай-ақ жасыл желектерді барынша сақтау мүмкіндігін қарастыру міндетін қойды қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Сондай-ақ қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қалалық жиналу пунктінің ғимаратында да болды. Пункт жұмысымен және әскерге шақырылғандарға жасалған жағдаймен танысты. Әңгімелесу барысында әскери борышын өтеуге аттанып жатқан жас жігіттерге сәттілік тіледі.