Қаратау ауданы аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды.
«Нұрсәт» шағынауданындағы №37-49 көпқабатты тұрғын үйлердегі 400-ге жуық тұрғындардың қатысуымен кезекті тазалық жұмыстары өтті.
Акция барысында үй аулаларының аумағын қоқыстан тазарту, ағаштарды әктеу, көгалдарды қырқу, орындықтарды сырлау және т.б жұмыстар жасалды.
Қоршаған ортаны тазартуға және көгалдандыруға ынталы қатысқан жергілікті балалар мен жасөспірімдердің қатысуы ерекше маңызды болды. Олар үшін бұл олардың тазалық шарасына көмектесудің жолы ғана емес, достарымен және отбасымен ашық ауада уақыт өткізу мүмкіндігі болды.
Акцияға қатысқан тұрғындар балалар мен жастардың тазалық жұмыстарына араласуы Мемлекет басшысының айтқан «Таза Қазақстанды» қалыптастыруының негізі дейді тұрғындар.
Еске сала кетейік, көгалдандыру бойынша санитарлық жұмыстар Қаратау ауданының барлық елді мекендерінде көктемнің бірінші күнінен бастап жүргізіледі.
Айта кету керек, осыдан 2 ай бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел бойынша “Таза Қазақстан” атты экологиялық акциясы басталғаны барлығына мәлім. Оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар белсене қатысып, айналаны тазартып, гүлдендіруге барынша ат салысты. Негізі, науқан мамырдың 13-ші жұлдызына дейін деп белгіленген еді. Межелі уақыт аяқталғанымен, қоғамды тазартуға шығамыз деген түрлі ұжымдардың қарасы әлі де қалың.
Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ, бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалалар, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты.