«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі Үкіметте Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста қаралды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсарту бойынша қойған міндеттерінің орындалуы туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 99 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынды.
Биыл 556 медициналық және фельдшерлік пункт, сондай-ақ дәрігерлік амбулаториялар салу көзделген. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 322 нысанда басталып, 3 нысанда аяқталды, деп хабарлады Ақмарал Әлназарова
Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік сараптама қорытындысының негізінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, байланыстыруды толық аяқтады. Жалпы, Ұлттық жобада іске асырудың барлық кезеңінде 655 алғашқы МСАК нысанының құрылысы қарастырылған. Сондай-ақ 32 орталық аудандық аурухананы жаңғырту көзделуде. Қазіргі уақытта 10 нысанда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, 2 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
2023-2024 жылдар кезеңінде 152 денсаулық сақтау объектісінде 656 медицина қызметкері жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте Ұлттық жоба шеңберінде кадрларға жалпы қажеттілік 1 100 медицина қызметкерін құрады. Үкімет отырысы барысында Қарағанды, Жетісу және Алматы облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Еске сала кету керек, 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жобаның аясында 3 міндет іске асырылуда:
655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу;
жұмыс істеп тұрған аудандық ауруханаларды жаңғырту және оларды жарақтандыру арқылы 32 заманауи ауданаралық көпбейінді орталық аурухананы ұйымдастыруды қамтитын ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру;
ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету.