Бүгінгі Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау мен статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды мақұлдады.
Заңда цифрландырудың платформалық моделіне көшу, ақпараттандыру, ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және байланыс салаларында жергілікті атқарушы органдарға функцияларды беру көзделеді.
«QazTech» бірыңғай цифрлық платформасында мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін бағдарламалық өнімдерді әзірлеу мен енгізудің оңайлатылған тәртібі енгізіледі.
«QazTech» платформасының базалық сервистері мен компоненттерін қайта пайдалану есебінен мемлекеттік органдардың цифрлық бастамаларын іске асыру мерзімдерін қысқарту күтілуде. Бұл азаматтар мен бизнеске жаңа сервистер және цифрлық көрсетілетін қызметтерді шығаруды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына өңірлерде ақпараттандыру, байланыс, электрондық цифрлық қолтаңба және дербес деректерді қорғау саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша функциялармен бөлісу көзделеді.
Бұл азаматтардың құқықтарын қорғаудың көпдеңгейлік жүйесін құруға, дербес деректер және киберқауіпсіздік саласында заңдылықтың бұзылуын уақтылы анықтау және оған жол бермеуге, тұтынушылардың байланыс қызметтерінің тиісті сапасына құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, өңірлерде цифрландыруды дамытуды қосымша ынталандыратын IT-саласын дамыту және инвестициялар тартуға жағдайлар туғызу бойынша жергілікті атқарушы органдардың функционалын кеңейту ұсынылады.
Осымен қатар Заңда деректерді өңдеу орталықтарының қызметін реттеу және бұлтты есептеулерді қолдану бойынша нормалар көзделген.
Бұл деректерді жинау, сақтау және өңдеудің заманауи инфрақұрылымын дамытуға және Қазақстанды бұлтты қызметтерді көрсету бойынша өңірлік хабқа айналдыруға септігін тигізеді.